Құйрық майдың пайдасы бар ма? Нутрициолог жауап берді

 Құйрық майдың пайдасы бар ма? Нутрициолог жауап берді
Фото: pixabay.com

Нутрициолог Лаура Сейітбек өзінің инстаграм парақшасында құйрық майдың пайдасы жайлы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігер баяғыда үлкен кісілер құйрық майды жиі қолданатынын айтып, бала кезін еске түсірді.

"Бала кезде суықтап ауырсақ, апамыз құйрық майды жылытып ашқарынға жегізіп, соңынан ыстық сүт ішкізіп, маймен арқамызды сылайтын еді. Содан кейін өңешің жұмсарып, жаның рақаттанып, ұйықтап кеткеніңді байқамай қаласың", - деп жазды ол.

Бірақ қазір көпшілік оны қолданбайды.

"Ал қазір қойдың майы холестерин мөлшерін жоғарылатып, жүрек-қан тамырлар ауруларына ұшыратады деп, сонау ата-бабамыздан қанымызға сіңген үйреншікті астан бас тартқызып, авокадо, руккола, майсыз ет деп әртүрлі өнімдерді ұсынып жатыр. Олардың бағасы да қымбат", - деді маман.

Нутрициолог Лаура Сейітбек құйрық майда пайдалы май қышқылдары бар екенін жазды.

"Ал шындығында, құйрық майдың пайдасы көп. Оның құрамында ағзаға пайдалы май қышқылдары (лавр, стеарин, олеин, палмит және т.б) бар", - деді ол.

Маманның айтуынша, бұл қышқылдар мынадай қасиеттерге ие:

Олеин қышқылы - жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алады. Ол жоғары температураға төзімді әрі адам денсаулығына зиянды май қышқылдарына ыдырамайды.

Стеарин қышқылы - ерлердің жыныстық белсенділігін арттырып, қауіпті ісіктің алдын алады. Әрі бұл қышқыл адам ағзасына улы емес.

Одан бөлек онда мырыш, магний, селен, фосфор, натрий сияқты бала ағзасына ауадай қажет минералдарға бай. 

Олардың мынадай пайдасы бар:

  • асқазан-ішек жолдарының қызметін жақсартады;
  • өтті сұйылтып, өт қышқылының жақсы бөлінуіне жәрдемдеседі;
  • ағзада жаңа гормондар түзеді;

Дәрігердің айтуынша, құйрық майды қайнатсаңыз да, қақтасаңыз да өз құрамын бұзбай, пайдасы сақталады.

Еске салайық, бұған дейін шұбатты кімдерге ішкен пайдалы екенін жазған болатынбыз.

А. Жапатова