- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Төреғали Төреәлі тағы...
Төреғали Төреәлі тағы бірнеше күн қамауда болады
Әнші Төреғали Төреәлі тағы бірнеше тәулікке қамауда болады. Бұл туралы әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот шешімі бойынша, әнші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 1-бөлігі "Полиция қызметкерінің талаптарын орындамау" бойынша жауапқа тартылды. Іс 16 маусымда сотқа түсіп, бүгін, 21 маусымда қаралды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және істің басқа да материалдары дұрыс рәсімделгені айтылған. Оны жауапкершілікке тартпайтындай мән-жайлар анықталмады. Іс видеоконференция арқылы қаралды. Сот орысша жүргізілген.
"Сот іс материалдарын қарай келе, 14 маусым күні Әлихановтың (Төреғали Төреәлінің тегі - ред.) 111 ALI 11 мемлекеттік тіркеу нөмірі бар Lexus LX570 автокөлігін есірткіге мас күйінде басқарғанын анықтады. Майлина көшесінің бойымен солтүстік бағытта 216-үйге қарама-қарсы келе жатып, патрульдік көліктен берілген көлікті тоқтату туралы заңды талапты орындамаған", - делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде Төреғали Төреәлі кінәлі деп танылып, оған үш тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бұл бабы 40 АЕК (120 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салу немесе үш тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы беріледі. Осылайша, Төреғали Төреәлі 23 күн қамауда болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан