"30 жылдан бергі заңсыздықпен бетпе-бет келіп отырмыз". Әбілқайыр Тамабек мемлекетке қайтарылған жер туралы айтты

"30 жылдан бергі заңсыздықпен бетпе-бет келіп отырмыз". Әбілқайыр Тамабек мемлекетке қайтарылған жер туралы айтты
Фото: Видеодан алынған кадр

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жер мәселесіне қатысты сауалға жауап беріп, отыз жыл бойы қалыптасқан заңсыздықпен бетпе-бет келіп отырғандарын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеунік былтыр 5 миллион 250 гектар жердің мемлекетке қайтарылуы жайдан-жай емес екенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл жер бір тұлғалардың иелігінде болған.

"Оның барлығы игерілмей жатты деп айта алмаймыз, басым бөлігі заңсыз табысталған. Сол себептен былтырдан бастап қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл да 5 миллион гектар жерді қайтару міндеті тұр. Қазірге дейін 1 миллион 400 мың гектар жер қайтарылды. Тағы 800 мың гектар жерді қайтаруға нұсқама бердік. Кімге заңсыз жер берілсе, жылдың аяғына дейін толығымен қайтарылатын болады", - деді вице-министр.

Журналистердің бірі АШМ өкіліне Ерементау ауданындағы Еркіншілік ауылдық округінің бүкіл жайылымдық жері жекенің қолында деген деректі ұсынды.

"Бүгінде ауыл толықтай көшіп жатқан көрінеді. Тек кәрі-құртаңдар қалған. Сіздің жұмыстарыңыз тек қағаз жүзінде сияқты..." - деді журналист.

Бұл сұраққа да ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жауап берді. 

"Қағаз жүзінде деп айта алмаймын, жер нақты қайтарылып жатыр. Алайда біз шалғайдағы жерлерді қайтардық. Ал сіздің айтып отырғаныңыз - ауыл маңындағы жерлер. Бірақ біз заң нормаларын реттеп жатырмыз. Мәселен, кейінгі екі жылда 2 миллион гектар жер жекеге беріліп кеткен. Ал оның ешқайсысын заңсыз деп айта алмаймыз. Өйткені осыған жол беретін заң тетігі жасалып қойған. Десе де біз осыған жол беретін заң нормасын алып тастадық. Енді ешқандай кедергі жоқ", - деді шенеунік.

Ол жер мәселесін реттеуге салғырт қараған аудан, ауыл әкімдері жауапқа тартылатын механизм де әзірленіп жатқанын айтты.

"Өкініштісі, бұл бір күнде бола салған проблема емес, біз отыз жыл бойы жасалған заңсыздықпен бетпе-бет келіп отырмыз", - деді Әбілқайыр Тамабек.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек