- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ату жазасына да...
"Ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыруға емес". Мұхамедиұлы сотта соңғы сөзін айтты
Ұлттық музейдің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, көрме уақытында елге жеткізілген.
"Бір жылдан аса уақыт бойы бүкіл Қазақстан мен мүдделі әлемдік қоғамдастық "Әлем мұражайлары бойынша "Алтын адам" шеруі" халықаралық көрмесі" атты атышулы сот процесін бақылап келеді. 17 сәуірде отырыстың бірінші күні Мемлекет басшысының жарлығын орындау үшін Үндістаннан "Алтын адамның" әлемдік тарихтағы бірегей артефактісін аман-есен қайтарғанымды айттым. Мемлекет басшысының жарлығының уақтылы орындалғанының арқасында және ҚР Үндістандағы елшілігінің қолдауымен ҚР СІМ локдаун енгізілген соңғы күні 2020 жылы 22 наурызда дипломатиялық пошта арқылы көрменің бүтіндей Қазақстанға қайтарылуын қамтамасыз етті. Бәрімізге белгілі, Үндістандағы коронавирус шектеулері 2021 жылдың аяғында ғана жойылды. "Алтын адамды" коронавирус өршіп тұрған алыс Үндістанда қалдырсақ, онда Қазақстан тарихы үшін ғана емес, әлемдік қоғамдастық үшін де бірегей артефактіні жоғалтар едік.
Мен елдің заңын бұзған жоқпын, кінәні толық мойындамаймын. Бұл менің 17 сәуірдегі сөзім еді. ...Сөзімнің дәлелі - айыптау актісінің жаңа тұжырымы, онда прокурор қаржы жымқыру, сөз байласу және ел заңын бұзу деректерін келтірген жоқ. Барлық шақырылған куәгер ұрлық деректерінің, тіпті айыпталушы тарапынан заңсыз әрекеттер болмағанын қайталады. ...Мәртебелім, кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасына да, бірақ ақша жымқыруға емес. Қазақтың керемет мақалы бар -" Өлімнен ұят күшті". 60 жыл ішінде жарқын, қиын, бірақ лайықты өмір сүрдім", - деді ол.
Еске салайық, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған еді. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша "Алтын адам" шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады.
Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.
Биыл қаңтарда бұл іске қатысты жаңа деректер пайда болды. Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханның да қамауға алынғаны белгілі болды. Ал биыл ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзарды.
Арыстанбек Мұхамедиұлының соты қашан өтетіні белгілі болды
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова