- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күннен қорғанбау, меңнің...
"Күннен қорғанбау, меңнің көп болуы". Тері қатерлі ісігі жайлы білу керек маңызды нәрселер
Тері қатерлі ісігі - кең тараған қатерлі ісік түрінің бірі. Тері қатерлі ісігі неден пайда болады және қалай оның алдын алу керек?
Тері қатерлі ісігі қалай пайда болады?
Тері қатерлі ісігі терінің сыртқы қабаты - эпидермисте басталады. Ол жиі ультракүлгін жарықтың (күн сәулесінің де, солярий шамының жарығының да) әсерінен болады. Ол дененің кез келген жерінде пайда болуы мүмкін.
Тері қатерлі ісігінің қандай түрлері бар?
Тері қатерлі ісігінің кең тараған екі түрі: негіздік-жасушалық және жалпақ жасушалық. Бұл қатерлі түзілімдер жиі күн көп түсетін жерлерге, яғни бас, бет, мойын және қолда пайда болады.
Үшінші тип - меланома - тері жасушаларының генетикалық ауытқулары кезінде дамитын қатерлі түзілім. Меланома мең сияқты болады, сол үшін көпшілік оны бірден байқамайды. Көптеген меланома қара және қоңыр түсті, бірақ ол алқызыл, қызыл, күлгін немесе сарғыш болуы да мүмкін. Меланомалар дененің кез келген жерінде пайда болады, бірақ ерлерде жиі кеудесіне немесе арқасына, ал әйелдерде аяғына шығады.
Қандай белгілерге мән беру керек?
Меланоманы анықтау үшін мына белгілерге мән беріңіз:
- Пішінінің дұрыс болмауы. Меңнің бір жағы екінші жағына сәйкес келмейді;
- Шетінің тегіс емес болуы;
- Бір меңде бірнеше түстің болуы;
- Диаметрі 5 мм-ден үлкен;
- Аз уақыт ішінде мең өлшемінің, айналасының және түсінің өзгеруі.
Жалпы тері қатерлі ісігі бар адамдар өздерін ауру секілді сезінбейді. Тек кей жағдайларда ғана тері өзгерістерімен байланысты жағдайлар туындайды: дерматмиозит - бұлшықеттер қабынуы, қызыл жегі, тері порфириясы.
Тері қатерлі ісігінің дамуына қандай факторлар әсер етеді?
Тері қатерлі ісігінің түріне қарай қауіп факторлары әртүрлі болады. Бірақ олардың кейбіреулері бір-біріне сәйкес келеді:
- ашық түсті тері, секпіл, көгілдір немесе жасыл көз, ашық немесе сарғыш шаш;
- тұқымқуалаушылық;
- ультракүлгін сәулесінің шамадан тыс әсер етуі;
- сезімтал тері;
- жас ерекшелігі;
- темекі тарту;
- меңнің көп болуы;
- химиялық заттардың немесе радиацияның әсері;
- әлсіз иммунитет.
Мең мен тері қатерлі ісігін қалай ажыратуға болады?
Егер меңнің өлшемі өзгерсе, мең қышыса, қанаса және жалпы денеңіздегі басқа меңдерге қарағанда басқаша болса, дәрігерге көрсету керек. Кей түзілімдер үлкен безеу сияқты болуы да мүмкін: ол жазылмай тұра береді.
Тері қатерлі ісігін қалай алдын алуға болады?
Тері қатерлі ісігінің алдын алу үшін өзіңізді ультракүлгін сәуледен тек жазда емес, жыл бойына қорғаңыз. Ультракүлгін сәуле теріңізге, тіпті, бұлтты күндері де әсер етеді. Тері қатерлі ісігінің алдын алу үшін мына ережелерді сақтаңыз:
- Сағат 10:00 мен 16:00 арасында абай болыңыз. Бұл кезде ультракүлгін сәуле қауіпті.
- Өзіңізбен бірге қолшатыр алып жүріңіз немесе қалпақ киіп жүріңіз.
- Қолыңыз бен аяғыңызды жауып жүріңіз.
- Күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүріңіз.
- SPF-крем жағып жүріңіз. Оны үйден шықпастан 30 минут бұрын жағу керек және әр 2 сағат сайын жаңарту керек.
- Күніңізді күндіз күн астында көп жүрмейтін етіп жоспарлаңыз.
- Тегіс күйгіңіз келсе де, солярий қызметіне жүгінбеңіз.
Күннен қорғайтын құралдарды қолдануда жіберілетін қателіктер
А. Жапатова