Алматыда соңғы бір жарым жылда 170 көлік өртенген

Алматыда соңғы бір жарым жылда 170 көлік өртенген
Фото: pixabay

Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, биыл жыл басынан бастап 58 автокөлік өрті тіркелген. Ал 2022 жылы 112 автокөлікте өрт шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өртенген көліктердің басым бөлігі жанармаймен жүреді. Мәселен, 2023 жылы 58 темір тұлпардың 55-і жанармаймен жүрсе, 2022 жылы өртке оранған 112 көліктің 110-ы сұйық отынды пайдаланған.

Алайда көліктердің өртке орануына тұтынатын сұйық отын емес, электр сымдары жүйесіндегі ақаулар - басты себеп. Биыл тіркелген 58 өрт оқиғасының ішінде 41 жану дерегі электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болған. Сондықтан оқшаулағыштардың күйі мен түйісулердің сапасына назар аудару қажет.

"Электр жабдықтарының бұзылуы, жанармай жүйесінің ақауы, салонда шылым шегу, яғни көлік иесінің машинадағы өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауы - көліктегі өрттің пайда болуына әсер етеді", - дейді департамент өкілдері. 

Автокөліктегі өрттің алдын алу үшін автокөліктің қозғалтқышына ғана емес, сонымен қатар, электрлік жабдықтарына да назар аударып, техникалық қарауды жиі жүргізу қажет. Сондай-ақ, аккумуляторларды тікелей көлік құралдарында зарядтауға, көліктің жанармай құятын орнының аузын ашық тастауға болмайды. Сақтық шаралары ретінде темір тұлпарыңызда міндетті түрде өрт сөндіру құралын алып жүру керек.

freepik

Апаттың айтып келмейтіні ақиқат. Сол себепті көлігіңіз қозғалыс кезінде жанса, абдырамай былай әрекет етіңіз: 

1)  Көлікті тоқтатыңыз.

2)  Қозғалтқышты өшіріңіз.

3)  Капот құлпын босатыңыз, бірақ капотты ашпаңыз.

4)  Барлық жолаушыны шығарыңыз.

5)  "101"-ге қоңырау шалып, өрт сөндіру қызметін шақырыңыз.

6)  Егер қауіпсіз болған жағдайда, көліктегі өртсөндіргішті қолдануға тырысыңыз.

7)  Қозғалтқыш бөлігіндегі өртті сөндіруге суды қолданбаңыз, себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуына немесе жанған бензиннің таралуына және тұтану аумағының ұлғаюына әкеп соғуы әбден мүмкін.

Күннің аптап ыстығында көліктің өртенуі қалыпты құбылысқа айналып кетпес үшін әрекет ету маңызды. Абырой болғанда, биыл тіркелген 58 оқиғадан 1 адам қолының 5-6 пайызын термиялық күйік шалып жарақат алды. Біз айтқан сақтық шараларын ескеріп, жолда абай болыңыз. Өз өміріңіз өз қолыңызда. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов