"Құран туралы айтса қашатынмын". Айдана Меденова дінге неге бет бұрғанын айтты

"Құран туралы айтса қашатынмын". Айдана Меденова дінге неге бет бұрғанын айтты
Фото: instagram.com/aidanamedenova_officialpage

Әнші, актриса Айдана Меденова көптің көкейіндегі сұраққа жауап берді. Өзінің дінге қалай келгені туралы айтып, TikTok парақшасына видео жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"КешYOU" тобының экс-солисі, әнші Айдана Меденова өнерден кетіп, дінге түбегейлі бет бұрғанын өнерпаздың тыңдармандары қабылдай алмады. Әншінің айтуынша, оны арабизм деп сөккендер де табылыпты.

"Сіздер мені әнші ретінде білесіздер. 5 жасымнан бастап ән салып, сахнада жүрдім. Өзім өнерлі отбасыда туып, өстім. Содан шығар, өзімді әнші деп ғана елестететінмін. Сахнасыз өзімді елестете алмайтынмын. Бірақ адамның ойы өзгереді екен. Мен кішкентай кезімнен "Біз не үшін өмірге келдік? Біздің өмірлік миссиямыз қандай?" деген сияқты сұрақтар қоятынмын. Қазір дінге бет бұрғалы көп дүниеге басқаша қарай бастадым. Мен орамалды бір сәтте, болмаса біреуге еліктегеннен таға салған жоқпын. Бірақ әлеуметтік желілерде "біреуге еліктедің", "мұныңыз арабизм" деп мені кінәлап жатыр. Мен үшін ең қиын кезең 15 жасымда болды. Анам қайтыс болды. Түңілгенім соншалықты, атеист болып кете жазадым. Сырттай сау болсам да, жан дүнием өлгендей күй кештім. Бірақ сол кезде де Алланың қолдауын сездім. Анамнан ерте айырылғандықтан ерте есеюге тура келді. Өз бетімше оқуға түстім, тынбай еңбектендім, жәймен арман-мақсаттарыма жете бастадым. Өнер адамы болғандықтан ойлағаным: үлкен сахна, танымалдық, қомақты гонорар, сән-салтанат, сыйлықтар болатын. Аталғандарға ақырындап жете бастадым. Барлық белгілер, дұрыс ойлар Алладан екенін сезетінмін және оған қатты сенетінмін. Бірақ жанымдағы адамдар дін, Құран туралы айта бастаса мен қашатынмын. Мен жақсы адаммын, ешкімді алдамаймын, өлтірмеймін, ниетім таза, бастысы Аллаға сенемін деп ойлайтынмын. Сол сөздерім үшін қатты өкінемін", – дейді Айдана Меденова.

@aidanamedenovaa КӨПТІ МАЗАЛАҒАН СҰРАҚТАРҒА МЕНІҢ ЖАУАБЫМ. Жалғасы бар…. Сіздерге ұнап жатса,комментарии қалдырып, маған қолдау көрсетіңіздер!#aidanamedenova #айданамеденова #хиджаб #рекомендации #fyp ♬ оригинальный звук - ✨Aidana Medenova✨

Желі қолданушылар түрлі пікір қалдырған.

"Кешірім сұраймын бірақ мен бұрында Айдананы өз күйеуінен қызғанатын едім, бірақ казір қуаныштымын", "Шешінгеннен қорықпай киінгеннен қорқатын заман-ай", "Хиджаб киіп,намазға жығылу әркімнің қолынан келе бермейді", "Аллаға шүкір! Жарайсыз! Алла тура жолдан айырмасын. Сіз үшін қуаныштымын!", "Көп адам сіз сияқты бола алмай жүр", "Ешкімді тыңдама!", - деп жазды олар.

Айта кетейік, әнші Айдана Меденова өнерден кетуі туралы сұраққа осы жерде жауап берді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы