"Адамгершілігімен ерекшеленетін азамат еді". Назарбаев Сапарбаевтың отбасына көңіл айтты

"Адамгершілігімен ерекшеленетін азамат еді". Назарбаев Сапарбаевтың отбасына көңіл айтты
Фото: © Тұрар Қазанғапов

Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың  өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Ол - аса жауапты қызметтерде, соның ішінде бірнеше облыстардың әкімі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, премьер-министрдің орынбасары лауазымдарында еңбек етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлға.

Халықтың мұң-мұқтажын терең білетін, күрделі мәселелер бойынша шұғыл әрі оң шешімдер қабылдай алатын білікті басшы, беделді ұйымдастырушы, жоғары адамгершілік қасиеттерімен, биік парасатымен ерекшеленетін азамат еді", – делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Бердібек Машбекұлының жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді. 

Еске салайық, бүгін мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасына қараған шағында қайтыс болғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бердібек Сапарбаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты. 

Бердібек Сапарбаев - Қазақстандағы бес өңірдің (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының) бұрынғы әкімі, премьер-министрдің орынбасары, еңбек министрі, экономика ғылымдарының докторы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек