Египетте жігітті жеп қойған жолбарыс акула қандай жыртқыш?

Египетте жігітті жеп қойған жолбарыс акула қандай жыртқыш?
Фото: fons.pibig.info

Жолбарыс акуласы (лат. Galeocerdo cuvier) — carcharhiniformes отрядының сұр акулалар тұқымдасына (Carcharhinidae) жатады. Жер бетіндегі ең көп таралған акула түрлерінің бірі.

Жолбарыс акулалары Дүниежүзілік мұхиттың тропиктік және субтропиктік белдеуінде кең таралған. Ашық суларда да, жағалауға жақын жерде де өмір сүреді. Әсіресе Тынық мұхитының орталық бөлігіндегі аралдардың айналасында жиі кездеседі. Олар түнгі өмір салтын ұстанады. Бұл ірі жыртқыштардың ұзындығы 5,5 м-ге жетеді. Жыртқыш балық шаян тәрізділер, балықтар, теңіз сүтқоректілері, құстар, цефалоподтар, теңіз жыландары және тасбақаларын аулайды.

Жолбарыс акуласының үстінде жолбарыстың мойндағы қатпары сияқты қатпарлары және жолақтары бар. Сол себепті бұл акуланы "жолбарыс акула" деп атайды.

Олар 150 -500 метр тереңдікке дейін сүңги алады. Тістері өткір болып келеді. Астыңғы жақ сүйегі мен үстіңгі жақ сүйегінің тістері бірдей. Олар бір- біріне жақын орналасқан.

Тропикалық суларда жолбарыс акуласы адамдар үшін ең қауіпті түр. Бұл жыртқыш әлемдегі ең қауіпті акулалар үштігіне кіреді.  Ұсталған акулалардың асқазанынан адам денесінің бөліктері табылған жағдайлар көп. Шабуылдар көптеген аймақта – Флорида жағалауында, Кариб теңізінде, Сенегалда, Аустралияда, Жаңа Гвинеяда, Самоа аралдарында, Торрес бұғазында және Қызыл теңізде тіркелген.

Мысалы, 1937 жылы жолбарыс акуласы Жаңа Оңтүстік Уэльстің (Аустралия) жағалауында суға түсіп бара жатқан екі жас жігітті жеп қойған. Артынша асқазанында құрбандардыың қалдықтарымен ұсталды. 1952 жылы Пуэрто-Рико аймағындағы шағын аралдың жанында акула балық аулаған су астындағы аңшыға шабуыл жасады. 1948 жылы Флорида жағалауына бет алған қайыққа шабуыл жасаған.

Орташа алғанда, Гавайиде жылына 3-4 рет жыртқыш адамға шабуылдайды. Оның көпшілігі адам өліміне әкелмейді. Күн сайын мыңдаған адам Гавайи суларында жүзетінін, серфинг жасайтынын және сүңгитінін ескерсек, бұл аса көп қауіпке жатпайды.

2003 жылдың қазан айында жолбарыс акуласы 13 жаста болған америкалық серфингші Бетани Гамильтонның бір қолын иығына дейін жеп қойған. Дегенмен, ол тірі қалып, кейіннен серфингке оралды. Хэмилтон қазір кәсіби серфингпен айналысады. Осы оқиғадан кейін үлкен жолбарыс акуласы ұсталды. Оның өлшемі мен жақтарының пішініне сүйене отырып, бұл Гамильтонға шабуыл жасаған акула деген болжам жасалды.

© fons.pibig.info

2011 жылға дейін 169 жолбарыс акуласы шабуылы тіркеліп, оның 29-ы өліммен аяқталған. 1959-1976 жылдар аралығында туризм индустриясын қорғау үшін 4668 жолбарыс акулалары атылды. Осы әрекеттерге қарамастан, шабуылдар саны азаймай отыр.

Жолбарыс акулаларын қанаттары, еті және бауыры үшін аулайды. Азық-түлік қорының азаюына байланысты қарқынды балық аулау аймақтарында жолбарыс акулаларының саны біршама азайды, бірақ жалпы олардың саны әзірге тұрақты. Сұраныстың артуы, болашақта олардың санының азаюына әкелуі мүмкін. Халықаралық табиғатты қорғау одағы жолбарыс акуласына қауіп төніп тұрғанын жариялап, қорғау мәртебесін берген.

Айта кетейік, бейсенбі, маусымның 8-і күні Мысырдың Қызыл теңіздегі Хургада курорттық қаласы жағалауында жолбарыс акуланың шабуылынан ер адам қайтыс болды. Қайғылы оқиғаның видеосы сол күні желіде тарап кетті.

Бейнежазбада акуланың шабуылынан құтылуға тырысқан ер адамның суда жанталасып жүргенін көруге болады. Көмек сұрап айғайлағанымен, жыртқыш балық оны әкесінің көзінше су астына сүйреп әкеткен.

Египеттегі жолбарыс акуласының шабуылының видеосын мына жерден көруге болады.

Кейіннен осы акуланы аулаған видео желіде таралды.

Т. Раушанұлы