Нұржан Әлтаев 135 000 доллар пара алған - Антикор

Нұржан Әлтаев 135 000 доллар пара алған - Антикор
Фото: Tengrinews.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұржан Әлтаевтың ұсталуына қатысты жаңа мәліметтерді жария етті. Ол аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2023 жылғы 7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Нұржан Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алды деген күдікке ілінді", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымын атқара отырып, Мырзахметовтен пара алу бойынша өзінің сыбайлас жемқорлық қызметін жалғастырды.

Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды. Бұл аса ірі көлем болып есептеледі.

"Пара Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Мырзахметовтың жетекшілік ететін Әлтаев салаларындағы мүдделерін жалпы қамқорлыққа алуға және лоббизм жасауға арналған. Ол жасаған қылмыс жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, тиісті құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, барлық қатысы бар адамдардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен расталады", - делінген хабарламада.

Жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, прокуратура органдарының келісімі бойынша Әлтаевтың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды.

Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы бойынша мәселе шешіліп жатыр.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан