Жетісу облысының тауларында танымал блогер жоғалып кетті

Жетісу облысының тауларында танымал блогер жоғалып кетті
Фото: Instagram/damir_za_mir_almaty

Жетісу облысының тауларында танымал блогер жоғалып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

36 жастағы алматылық Дамир Кушеев Текелі маңындағы тауларда хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Ол 7 маусымда Қора шатқалындағы Бұрқан бұлақ сарқырамасына спорт велосипедімен барып, бөгеттің маңында тұрып, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан, жергілікті жердің қорықшысымен шәй ішкен.

Байланыс үзілгеннен кейін Кушеевтің жұбайы оны табуға көмектесу туралы Төтенше жағдайлар департаментіне өтініш білдірген. Арызды Ескелді ауданының полицейлері де тіркеп, жедел іздестіру шараларына кірісті. Қазір таулы аймақта полиция қызметкерлері мен ТЖД-нің қызметкерлері, кинологтар іздестіру иттерімен ер адамды іздеп жатыр.

Дамир Кушеев түрлі көрікті жерлерге велосипедпен баруды ұнатады. TikTok желісінде өзінің жеке парақшасы бар. Ескелді ауданындағы туыстарында қонақта болған.

Жоғалып кеткен ер адамның орналасқан жері туралы ақпараты бар кез келген адамға мына телефондар арқылы хабарлауды сұраймыз: 8 747 558 1508, 708 252 2008, 102  немесе 112.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек