Қытай үйі, Орыс шіркеуі. Алматыдағы муралдарда қандай идеологиялық мән бар?

Қытай үйі, Орыс шіркеуі. Алматыдағы муралдарда қандай идеологиялық мән бар?
Фото: Автордан

Қаланың ажарын ашып, сәнін келтіретін сәулет өнерінің бір түрі - муралдар. Бір қарағанда қабырғаға салынған бейне ғана болып көрінгенімен, белгілі бір идеяға негізделетіні жасырын емес. Алматыдағы муралдардың астарында қандай сыр жатыр? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

Муралдар - қаланың бет-бейнесін қалыптастыратын өнер түрі. Алматыға келген қонақтар қабырға суреттері арқылы қалаға деген көзқарасын қалыптастыратыны анық.

Алайда Жұмағали Сайын көшесінде орналасқан Қытай үйі мен Орыс шіркеуінің бейнелері адам санасына түрлі ой тастап, теріс пікір қалыптастыруы әбден мүмкін. Мұны сәулетші Сайран Ахметжан да растап отыр. 

"Қала көшелерінде мұндай муралдарды салу мүлде дұрыс емес. Қалаға келген қонақ мұның қазақтың қаласы екенін, Алматыдай әсем қала екенін бір қарағанда түсіне алатындай болуы керек. Ал шіркеуге қарап не ойлайды? Шіркеу бейнеленген үйде тұрып жатқан мұсылмандар не ойлайды? Әрбір салынған сурет көркемдік кеңестің шешімімен салынуы қажет деп есептеймін. Негізі муралдар ұлттық тақырыптарды көтеруі тиіс", - дейді ол.

Мәселен, Корея, Жапония секілді мемлекеттерде қабырға суреттері қаланың тарихын айтып сайрап тұрады. Немесе қалаға кіргеннен кімдерге тиесілі екенін бірден байқайсың. Олар өздерінің дінін, тілін, тарихын дәріптейтін муралдарды жиі салдырады. Ал біздің Алматыға келген туристер мына бір қабырға суреттеріне қарап қаланың тарихы тұрмақ қай ел екенін ажырата алмауы мүмкін.   

Қарапайым қабырға суреттерінің өзінен астарлы мағына іздеу әбестік емес. Көпқабатты үйлердің қабырғасындағы туындыларға тамсана қарайтын жандар да жетерлік. Тек сол суреттер Алматының тарихынан сыр шертіп тұрса дейсің. Қаладағы муралдардың қатарында бұл олқылықтың орнын толтырып тұрғандары да бар. Назарларыңызға көрікті шаһардағы көркем туындыларды ұсынайық.  

Назарабаев пен Қонаев көшелерінің қиылысындағы трамвай бейнесі

Алматыда трамвай 1937-2015 жылдар аралығында қоғамдық көлік қызметін атқарған. Трамвай дәл осы Шевченко көшесімен жүріп өткен. 

Әл-Фараби даңғылында орналасқан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай салынған мурал.

Жароков 249 мекенжайында орналасқан Ерлан Нұрғалиевтің құрметіне салынған мурал. Қарағандылық орман сақшысы 2019 жылы заңмен тыйым салынған киіктерді атқан браконьерлерді ұстау барсында қаза тапты. Қабырға суретінде Ерлан Нұрғалиевтің өзі емес ұжымдық образ жасалған. Автор бұл туындысы арқылы табиғатты қорғау мәселесіне назар аудартқысы келген. 

Төле би мен Достық көшелерінің қиылысында орналасқан мурал. Бұл қабырға суреті кеңестік және қазақстандық альпинист, тау гиді, жазушы Анатолий Букреевке арналған.

Құрманғазы, 31 мекенжайындағы кішкентай қыздың сурет салып отырған бейнесі. Бұл туындыдан "Таңбалы петроглифтері" аңғаруға болады. Авторы - Беларусь суретшісі Александр Благий.

Абдолла Розыбакиев көшесіндегі зорлық-зомбылық көрген қыздардың тағдыры бейнеленген қабырға суреті. Авторы - Қуаныш Бейсеков. Суретті салған Әсел Смак қыздардың пәктігін, қорқынышын жеткізгісі келген. 

Бұл Алматыдағы муралдардың бірсыпырасы ғана. Қазаққа еңбегі сіңген ерен тұлғалардың бейнесі бедерленген туындылар жетерлік. Десек те Алматының тарихымен тікелей байланысты "Апортты", "Алатауды" неге бейнелемеске? Идеологиядан бұрын қабырға суреттері арқылы қаланың көркін келтіруді, туризмді ілгерілетуді ойлау керек.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов