Ақтөбеде ер адам бірнеше ай қамауда болып, кейін ақталған. Ақтөбе сотында моральдық және мүліктік зиянды өтеу туралы іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, талапкер бірнеше ай қамауда отырған, ол аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтады деген күдікке ілінген. Прокурор айыптаудан бас тартқанына байланысты сот шешімімен оған қатысты іс тоқтатылды. Қылмыс құрамы анықталмады.
Ер адам оңалтуға құқылы деп танылды, кейін ол келтірілген моральдық және материалдық шығын өтелуін сұрап, Қаржы министрлігіне шағым түсірді.
"Заңсыз қудалау салдарынан келтірілген моральдық азаптың ауырлығы, талапкердің денсаулығы, бостандығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті, жүріп-тұру бостандығы сияқты жеке мүлік емес құқықтары мен өмірлік маңызы ескеріліп, сот талапкердің пайдасына 300 мың теңге моральдық залалды, 600 мың теңге мүліктік залалды, өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша сот шығындарын өтеу - 150 мың теңге шығынды өндіріп алуға қаулы етті ", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!