- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 500-дей адамды арбадан...
500-дей адамды арбадан тұрғызған қызылордалық өкініші туралы айтты
Қызылордалық Сәкен Темірқұлов ширек ғасыр шамасында арбадағы 500-дей адамды аяққа тұрғызды. Алайда өз баласына көмектесе алмаған өкініш әлі күнге өзегін өртейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сәкен Темірқұлов - Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған "Қанат" спорттық сауықтыру орталығының директоры. Сонша жыл стоматологияны оқығанымен тағдыры оның таңдауын басқа арнаға бұрып жіберді.
"Тұңғышымыз Қанат айықпас дертпен дүниеге келді. Апармаған жеріміз жоқ. Бірақ нәтижесіз болды. Жеті жасқа жетпей өмірден өтті. Содан кейін, тоқсаныншы жылдардан бастап сал ауруын емдеуге ден қойдым. Қаншама адамға пайдам тигеніне қуанамын. Бірақ өз баламды құтқара алмағаным жаныма батады", - дейді кейіпкеріміз.
Қанаттың қазасынан кейін дәрігерлер "емі жоқ" деген дерттің дауасын іздеуге шындап кірісті. Медициналық білімі қажетке жарады. Ұзақ ізденістің арқасында сал ауруынан бөлек, түрлі себеппен жүре алмай қалған жандарға арнап ауруды емдеудің әдістемесін әзірледі. Оңалту орталығына Қазақстаннан ғана емес, әлемнің әр түкпірінен келіп ем алушылар көп.
"Өйткені біздің емдеу әдісіміздің жер жүзінде баламасы жоқ. Тренажерларды түгел қолдан жасағанбыз. Массаж үшін соны пайдаланамыз", - деді Сәкен Темірқұлов.
Сауықтыру орталығы пациенттерінің алды қазір жиырмадан асты. Кішкентай кезінде жүруден қалып, дәрігердің алдына еңбектеп жеткен ол бір аптада аяққа тұрды. Жалпы, ауруды ерте және жеңіл сатысында емдеу мүмкіндігі жоғары.
"Ем алғандардың бәрі бірдей арбадан тұрып, шауып кетеді деу қате. Еңбектей алмайтындар еңбектесе, отыра алмайтындар отырса, соның өзі жетістік", - деді Сәкен Темірқұлов.
Стоматологтан реабилитологқа айналған азамат ДЦП-ның бірнеше себебін атады. Біріншісі — экологиялық ахуалдың аянышты күйі. Біз жұтқан ауа, ішкен ас, қоршаған ортаның қорғансыз халі, тағысын тағы.
Екіншіден, бала құрсақтан шыққанда кіндігіне оралып қалған, керек мөлшерде оттегі алмаған, құлап қалған болуы мүмкін. Үшіншіден, шала туған шақалақ енді ет жинай бастағанда қажетсіз екпе салдырып, ауру жамауы ықтимал. ДЦП-ның алдында медицина дәрменсіз. "Емделмейді" деп шорт кеседі. Кейіпкеріміз өміріндегі өзгерістен кейін мұны жоққа шығаруға жанталасты және дегеніне жетті.
"Әке көрген оқ жонар". Оған ұлдары Азамат пен Мақсат көмектесіп жүр. Пациенттерге массаж жасауды екеуі де шебер меңгерген. Пандемия кезінде орталық жұмысында кідіріс болды. Дегенмен, халықтың қалтасына салмақ түсірмес үшін ем-дом бағасын өсірген жоқ. Екі айлық құны - 432 мың теңге.
"Мемлекеттен қолдау көріп отырғанымыз жоқ. Облысты басқарған талай әкімге кіріп, көмек сұрадық. Уәде күйінде қалып келе жатыр. Енді Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болып, мәселе көтергім келеді", - деді орталық басшысы.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы