"Тіпті есік аша алмаймыз". Ақтөбелік шаруалар шегірткенің отап бара жатқанына алаңдаулы

"Тіпті есік аша алмаймыз". Ақтөбелік шаруалар шегірткенің отап бара жатқанына алаңдаулы
Фото: Автордан

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында далалық жерді шегірткелер отап барады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ырғыздың шаруалары далалықта қаптаған шегірткелер тіпті үйге дейін кіріп жатқанын айтып дабыл қақты. Қалыбай ауылының маңында шаруа қожалығы бар Күләш Дербісалина шегірткеден аттап жүре алмай отырғанын айтады.

"Аяқ басар жер жоқ. Тіпті үйдің есік-терезесін аша алмаймыз. Жылда шегіртке болады. Түбіне дейін уламағасын дернәсілдері қалып қояды. Биылғы шегірткенің көптігі соншалық бір жерде миллиардтан бар десем қателеспеймін. Бір апта бұрын улады. Бірақ нәтиже жоқ. Шегірткенің алды ұша бастады", — дейді Күләш.

Шегірткенің көбейгеніне бір айдан астам уақыт болған. Оның үстіне күн аптап ыстық. Жаңбыр жоқ. Шаруалар жем-шөп мәселесі қалай болатынынына алаңдап отыр. 

"Ешқандай жәрдем болып жатқан жоқ. Екі жылдан бері арзан жанар-жағар май алатын едік. Биыл оны да тоқтатты. Жем-шөпке субсидия беретін, ол да биыл берілмейтін болған. Дәл осындай аптақ ыстық болса, шөп күйіп кетеді. Оның үстіне шегірткеден көз аша алмай отырмыз", - деді ауыл тұрғыны Күләш Дербісалина.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновке хабарластық. Биыл 106 мың 825 гектар жер өңделуі керек екен. Қазіргі күні оның 25 пайызы өңделген. 23 мамырдан бастап өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға алты машина, тікұшақ тартылған.

"Бүгін тағы да жеңіл ұшақ және қосымша Әйтеке би ауданынан "Камаз" көлігін алдырдық. Бірақ биылғы шегіртке өте көп. Соңғы он жылда бұндай көп шегіртке көргенім жоқ. Бұрын ауданның оңтүстік бөлігінде көп болатын, биыл ол жақта жоқ. Қызылжар, Құмтоғай, Ырғыз селолық округтерінің аумағында көбейіп отыр. Шегірткені жоймайынша улау жұмыстарын тоқтатпаймыз", -  деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда үш мердігер мекеме жұмыс жүргізіп жатыр.

Кәмшат Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы