Шымкентте ер адам өз-өзіне қол жұмсамақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Еңбекші АПБ-ның "102" нөміріне 1 маусымда күндізгі сағат 11:15 шамасында әйел кісі қоңырау шалған. Ол тәртіп сақшыларынан көмек сұрап, күйеуінің өз-өзіне қол жұмсағалы жатқанын жеткізген. Ер адам жұбайына бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығып, қоштасқаны белгілі болды.
Осы аумаққа қызмет көрсететін 3-ротаның патрульдік полиция қызметкерлері қақпа жабық болған соң, үйге кіре алмаған. Кейін олар құлыпты бұзып, қақпадан кірген.
Патруль полиция қызметкерлері аумақты тез арада шолып, ауланың артқы жағында қосалқы құрылыстардың арасынан арқанға ілінген адамды тапты. Содан кейін тәртіп сақшысы ер адам тұншығып қалмас үшін , оны көтеріп, ал екінші полицей арқанды кесіп үлгерген. Медицина қызметкерлері де дер кезінде көмек көрсетті.
Қазір ер адам ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!