- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таныстарын жұмысқа алған:...
Таныстарын жұмысқа алған: "ӨзенМұнайГаз"АҚ бас директорының орынбасары ұсталды
Маңғыстау облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті "ӨзенМұнайГаз" АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мамбетсапаевты лауазымды өкiлеттiктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Маңғыстау облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Бауыржан Мамбетсапаев лауазымды мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар танысын "ӨзенМұнайГаз" АҚ-на заңсыз кіргізген. Дегенмен компанияға жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан аса тұрғыны кезекке тіркелген.
"Таныстарының жұмыссыздар қатарында болмағандарын, тиісті мамандыққа біліктіліктері сәйкес келмейтінін және жұмысқа мүлдем келмегендерін Бауыржан Мамбетсапаевтың анық білгені тергеуде анықталды.
Бауыржан Мамбетсапаевтың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 46 миллион теңгеден аса залал келтіріліп, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға орналасудағы құқықтары өрескел бұзылуына әкеп соққан", - делінген хабарламада.
Тергеуде Бауыржан Мамбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның, лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджет қаражаттарын жымқыру деректері тексеріліп жатыр.
Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесіне сай жарияланбайтыны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова