Екібастұздан халықтың жаппай көшіп жатқаны рас па?

Екібастұздан халықтың жаппай көшіп жатқаны рас па?
Фото: Автордан

Әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласынан жұрттың көптеп көшіп жатқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өзін жылжымайтын мүлік саласында қызмет атқарамын, деп таныстырған Марина есімді тұрғын, қыстағы апаттан кейін кеншілер қаласында пәтер сатылымы көбейгенін айтады.

"Адамдар баспаналарын сатып басқа қалаларға көшіп жатыр. Содан болар пәтер бағасы арзандап кетті", - дейді тұрғындар. 

Кейбіреулер пәтерлерін жалға беріп кетіп жатқан көрінеді. Сауда саттықпен айналысатын OLX.kz сайтында бір күнде Екібастұздан пәтер сатамыз деген 117 жарнама шыққан. Бағаларының да арзан екенін байқауға болады. Бір бөлмелі пәтер небәрі 5 миллион теңге тұрса, екі бөлмелілердің орташа құны 8 миллион теңге ғана. Сатылымдағы үйлердің бастапқы бағасынан арзандатылғаны да байқалады. Қыста Екібастұзда апаттың болатынын алдын ала болжап, Президентке дейін үндеу жолдаған құқық қорғаушы Юрий Павленко, "Екібастұздан халықтың көшуі таңғаларлық жайт емес" дейді.

"Мен бұған дейін де айтқанмын, тағы да айтайын. Қазір жөнделіп жатқан құбыр мен жылу желілердің бәрібір ғұмыры ұзаққа бармайды. Сол себепті қауіптенген халық қаладан көшіп жатыр. Болашақта ол жерде мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандары ғана қалады. Сондықтан, қалаға жаңа жылу станциясын салу қажет", - дейді павлодарлық құқық қорғаушы Юрий Павленко.

Айта кетерлігі, қазір Екібастұз қаласының жылу магистралінде құбырлар ауыстырылып, аула ішілік желілердің зақымдалған учаскелерін де жөндеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар, келесі жылыту маусымына дейін жылу станциясындағы сегіз қазандықтың күрделі жөнделетіні айтылған еді.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы