Көпірден секірмек болып, әлеуметтік эксперимент жүргізген журналистің оқиғасы

Көпірден секірмек болып, әлеуметтік эксперимент жүргізген журналистің оқиғасы
Фото: Автордан

"Астана" телеарнасының Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет етіп жүрген Базаргүл Ізімова көпірден секірмек болып, әлеуметтік эксперимент жасаған уақытында өзіне көмекке ұмтылған атыраулықтарға алғысын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Базаргүл Ізімованың сөзінше, ол редакциядан тапсырма берілген соң, суицид мәселесін көтергісі келген.

"Жыл басынан бері Атырауда 16 адам көпірден секірмек болған екен. Әдетте, мұндай оқиғалар орталық көпірде көп тіркеліп жатады. Әлеуметтік эксперимент жүргізерден бір күн бұрын операторым Нұрбол Мұғалім көпірді қарап, жасырын камера орналастыратын жерді ыңғайлап кетті. Эксперимент басталған уақытта байқамаған кейіп танытып, жөнімен кеткендерден гөрі, көмекке ұмтылғандар көп болды. Араларында жастар да, орта жастағылар да, тіпті, әжелер де болды. Тіпті, бір әйел адам көлігін көпір аузына қойып, маған жеткенше алқына жүгірген. Не жағдай? Қарызың көбейіп кетті ме? Кредит пе, бәрін төлеп беремін" деп бәйек болған келіншек көпке дейін мені құшақтап, қасымнан кеткісі келмеді. Енді бір әйел адам сол күнін менімен өткізуге дайын болды. Екеуміз шәй ішейік, әңгімелесейік" деп, жанымнан кетпеді. Отбасымның, балаларымның бар-жоғын сұрап, әңгімемен ойымды бөлмек болғандар да болды", - дейді журналист Базаргүл Ізімова.

Тіпті, бұл әлеуметтік эксперимент екенін айтса да, жанынан кетпей, құшақтап тұрғандар көп болған екен. Бірнеше мәрте патрульдік полициялар келіп, оны құтқаруға ұмтылған.

"Өкінішке қарай, суицид жас таңдамайды. Түрлі қиындыққа түсіп қалғандардың шешімді көпірден секіруден іздейтіні өкінішті", - дейді журналист.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары соның ішінде көпірден секіруге көп жағдайда мектеп жасындағы жасөспірімдер, студенттер, орта жастағы келіншектер ұмтылады.

"Жастар жағы достарымен, отбасымен келіспеушілікке бола, көпірден секіріп жатады. Кейде сүйіктісімен ажырасуды көтере алмай жататындары да бар", - дейді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Өткен жылы Атырауда 11 адам көпірден секіруге ұмтылған. Биыл осындай 16 жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, жақында мектеп жасындағы оқушы көпірден секіріп қаза тапты.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы