- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ересектерге мүгедектік қалай...
Ересектерге мүгедектік қалай тағайындалады? Нұсқаулық
Мүгедек – бұл тұрмыс-тіршілігі шектеліп, қандай да бір ауруға, жарақатқа, жаралануға байланысты немесе олардың зардабынан денсаулығы нашарлаған адам. Egov.kz порталындағы мәліметтерге сүйеніп, ересектерге мүгедектікті белгілеу жолдарын ұсынамыз.
Мүгедектікті тағайындау тәртібі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен регламенттелген.
Неден бастау керек?
Учаскелік дәрігерге қаралыңыз
Алдымен сізге тұрғылықты/тіркелген жеріңіз бойынша медициналық ұйымдағы өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге бару керек. Ол қажетті диагностикалық және емдеу іс-шараларының көлемін, оның ішінде көрсеткіштер бойынша стационарлық тексеру мен емдеу көлемін анықтайды, диагнозды және функционалдық бұзылулар дәрежесін белгілейді.
Медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жолдама алыңыз
Диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шаралары кешенін жүргізгеннен кейін, ағза қызметтерінің тұрақты бұзылуы болған кезде, медициналық ұйымдар еңбекке уақытша жарамсыздық басталған кезден бастап немесе диагноз қойылған сәттен бастап сізді МӘС-ке жібереді.
Бұл тізімге анатомиялық ақаулары бар және ағза қызметінде айқын білінетін бұзылулары бар адамдар кірмейді.
МӘС қорытындысын алыңыз
МӘС бөлімінің мамандары адамды қарайды, оның ағза қызметінің бұзылу дәрежесін және тіршілік-тынысының шектелуін, оның ішінде еңбек ету қабілетін бағалайды және ұсынылған құжаттарды қарайды. Соның негізінде сараптамалық қорытынды шығарады.
МӘС тұрақты тұратын (тіркелген) жері бойынша жүргізіледі, бірақ кей жағдайларда ДКК (дәрігерлік-консультациялық комиссиясының) қорытындысы бойынша үйде, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында немесе сырттай емдеуде тұрған жері бойынша жүргізіледі.
Мүгедектік тағайындау үшін қандай құжаттар керек?
Куәландыру үшін (қайта куәландыру) МӘС жүргізуге өтініш бойынша мынадай құжаттарды тапсыру керек:
- Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары толтыратын медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама. Куәландыру осы жолдаманың негізінде, онда көрсетілген жолдама күнінен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізіледі;
- Медициналық ұйым әзірлеген жағдайда науқасты (мүгедекті) оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігінің көшірмесі;
- Куәландырылатын адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқа;
- Адамды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде немесе тергеу изоляторында ұстау фактісін растайтын анықтама (еркін нысанда);
- Аурудың динамикасын талдау үшін амбулаториялық науқастың медициналық картасы. Ауру тарихынан үзінділердің, мамандардың қорытындылары мен тексеру нәтижелерінің көшірмелері - бар болған жағдайда;
Сонымен қатар, кей жағдайларда мына құжаттар сұралады:
- Тұрақты тұратын (тіркелген) орнынан тыс жерде МСАК ұйымына тіркелген жағдайда – медициналық ұйымға тіркеу анықтамасының (талонының) көшірмесі;
- Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы (анықтамасы) – сараптамалық қорытынды туралы деректерді енгізу үшін жұмыс істейтін адам ұсынады;
- Еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі және (немесе) өндірістегі еңбек сипаты мен жағдайлары туралы мәліметтер (жұмыс беруші толтырады) – алғашқы куәландыру кезінде еңбек етуге қабілетті жастағы адам ұсынады (болған жағдайда), өндірістік жарақаттар немесе кәсіптік аурулар болған жағдайларда ұсыну міндетті;
- Рәсімделген күннен бастап бір айдан кешіктірмей ұсынылған ДКК қорытындысы – консультацияға жіберген, үйде, стационарда немесе сырттай куәландыру (қайта куәландыру) қажет болған, ОЖБ қалыптастыруға немесе түзетуге жіберген жағдайларда;
- Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу (немесе қатыспау) фактісін растайтын құжат – осы әлеуметтік қатер бойынша жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (ЖЕА) алғаш рет белгіленген жағдайларда ұсынылады;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің "Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандарды бекіту туралы" 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1055 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актінің көшірмесі және салыстырып тексеру үшін төлнұсқасы – өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан адам осы жазатайым оқиға бойынша КЕА және (немесе) мүгедектіктің себебін белгілеу үшін КЕА дәрежесін алғашқы рет белгілеу кезінде ұсынады;
- Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығынан берілгеніне екі жылдан аспаған қорытындының көшірмесі (еркін нысанда) және салыстырып тексеру үшін төлнұсқасы – кәсіптік ауруға шалдыққан адам ұсынады;
- Себеп-салдарлық байланысты белгілеген тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган берген құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін төлнұсқасы – жараланумен, контузиямен, жарақаттанумен, мертігумен, аурумен байланысты мүгедектіктің себебін айқындау үшін бір рет ұсынылады;
- Жарақаттың немесе аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен себеп-салдарлық байланысы туралы сот шешімінің көшірмесі және салыстырып тексеру үшін төлнұсқасы – жұмыс беруші – дара кәсіпкердің жұмысы тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан адам ұсынады;
- Мүгедектің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру актісі – тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды жақсартуға ОЖБ-ның әлеуметтік және кәсіптік бөлігін әзірлеу үшін мүгедек немесе оның заңды өкілі ұсынады. Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды тексеру актісін жергілікті атқарушы органдардың мамандары жүргізеді;
- Өтінішті заңды өкілі берген кезде – заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; қамқоршылықты (қорғаншылықты) белгілеген жағдайда, қамқоршылықты (қорғаншылықты) белгілеуді растайтын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін төлнұсқасы ұсынылады;
- Денсаулық жағдайы нашарлаған кезде мүгедектіктің себебін өзгерту мақсатында дәйексіз құжаттарды ұсыну, сараптама қорытындысын негізсіз шығару фактілері анықталған кезде мерзімінен бұрын қайта куәландырған жағдайда – мүгедектігі туралы анықтама және жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама ұсынылады;
- "Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалардың негізінде берілетін куәліктердің нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 12 қаңтардағы № 9 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің көшірмесі және салыстырып тексеру үшін төлнұсқасы куәландырылатын адам атын, әкесінің атын (бар болған кезде), тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуден өткізген жағдайларда қайта куәладандыру кезінде ұсынылады.
Егер тізбеде көрсетілген құжаттардағы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болса және электрондық форматта сұралса, онда оларды ұсыну қажет емес.
Ағза қызметінің бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесіне қарай мүгедек деп танылған адамға бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік белгіленеді.
Куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі МӘС бөлімінің сараптамалық қорытындысына МӘС әдіснама және бақылау бөліміне оны алған күннен бастап бір ай ішінде не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқығыңыз бар.
А. Жапатова