- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл қанша жасөспірім...
Биыл қанша жасөспірім жүкті болып қалды? Министрлік жауап берді
Кейінгі кезде жасөспірімдер арасында қорқынышты статистика жиілеп кетті. Оның ішінде мектеп қабырғасында жүрген қыздардың ана атануы, зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы секілді деректер бар. Денсаулық сақтау министрлігі Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауап беріп, жасөспірімдер арасында кейінгі жылдары қанша жүктілік жағдайы тіркелгенін мәлімдеді.
- Былтыр қанша жасөспірім жүктілік бойынша медициналық мекемеге жүгінген?
Денсаулық сақтау министрлігі "Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың Ұлттық ғылыми орталығы" ШЖҚ РМК ақпаратына сәйкес, былтыр ел бойынша медициналық мекемеге жүгінген 15-17 жастағылар арасындағы жүктілік көрсеткіші 1000 жасөспірімге шаққанда 6,0-ге тең (2021 жылы 6,9-ға тең болды) болған.
- Биыл қанша жасөспірім жүктілік бойынша медициналық мекемеге жүгінген?
2023 жылғы 1-тоқсанда медициналық мекемеге жүгінген 15-17 жастағылар арасындағы жүктілік көрсеткіші 1000 осы жастағы жасөспірімге шаққанда 1,5-ге тең (2022 жылы 1- тоқсанда 1,8-ге тең) болды. 2022 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 16,6 пайызға төмендегені байқалады.
Айта кетейік, 15-17 жастағы кәмелетке толмағандарға тек оқушы қыздар емес, оның ішіне колледждердегі және мектептен тыс оқитын жасөспірім қыздар да кіреді.
- Өңірлер арасында қай облыс көш бастап тұр?
Ведомство мәліметінше, 2023 жылғы 1-тоқсандағы қорытынды бойынша 15-17 жастағы кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік жағдайы ең жиі кездесетін өңірлерге Маңғыстау, Ұлытау, Қостанай облыстары кіреді.
"Маңғыстау облысы - 3,0, Ұлытау облысы - 2,7, Қостанай облысы - 2,2, Жамбыл облысы - 1,9, Қарағанды облысы - 1,9, Шығыс Қазақстан облысы - 1,8, Қызылорда облысы - 1,7, Жетісу облысы - 1,6",- делінген министрліктің ресми сауалға жауабында.
- Былтыр қанша жасөспірім босанған?
2022 жылы 15 жастан бастап 17 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар арасындағы босанғандар көрсеткіші 1000 осы жастағы жасөспірімге шаққанда 3,8 болды (2021 жылы - 4,5), яғни 2021 жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға төмендегені байқалады.
- Биыл қанша жасөспірім босанды?
Биыл 1-тоқсанда 15 жастан бастап 17 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар арасындағы босанғандар көрсеткіші 1000 осы жастағы жасөспірімге шаққанда 0,8-ге тең болған.
Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзенде кішкентай қызға тиісті деген күдікті ұсталғаны және Алматы облысында ер адам екі қызын зорлады деген күдікке ілінгені хабарланған еді.
Сонымен қатар, Алматы облысы Междуреченск ауылында жағаұстатарлық жағдай болды. 9-сынып оқушысы 15 жасында жүкті болып, дүниеге бала әкелген. Қыздың өзі мен ата-анасы бұл жайтқа көршісін кінәлаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова