Кенесарыда бұралқы иттер ондаған қойды жайратып кетті

Кенесарыда бұралқы иттер ондаған қойды жайратып кетті
Фото: Автордан

Ақмола облысында қаңғыған иттердің үй жануарларына шабуылы жиілеп кеткенін айтып, шағымданған ауыл адамдары көбейіп барады. Бурабай ауданының Кенесары ауылында бұралқы иттер тағы да ондаған қойды жайратып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Малынан айырылған ауыл тұрғыны иттерден жапа шеккен жұртшылыққа ешкім назар аудармағанын айтып шырылдап отыр. Иттердің шабуылынан кейін үркіп қалған бірнеше ғана қойы қалған ауыл тұрғыны болған жағдайды жергілікті ауылдың ортақ тобына жіберген. Тұрғындардың айтуынша бұралқы иттер малға ғана емес, адамдар мен балаларға да қарсы шабатын болған.

"Оқиға 26 мамыр күні болды. Бұралқы иттер бірнеше қойды жайратып кетті. Осыған дейін тағы бір ауыл тұрғынының қойы мен бірнеше қозыларын талап өлтірген еді. Ең қорқыныштысы, қазір иттер адамдарға да шабатын болды. Осыдан екі-үш ай бұрын ауылдың электршісі өзін бұралқы иттер талай жаздап әрең құтылғанын жазған. Біз ауыл әкіміне барлық тұрғындардың қолдарын қойып хат та жаздық. Бірақ ешқандай шара қолданылмады. Чатқа биыл иттерді аулауға тиіс "ҚазШосҚұрылыс" компаниясының телефонын жіберген. Бірақ оған хабарласу мүмкін емес. Телефонды ешкім көтермейді. Билікке бір әрекет ету үшін оқыс төтенше жағдай болуы керек шығар", - дейді дағдарған ауыл тұрғындары.

Біз мәселені Ақмола облысының ветеринария басқармасына қойып, жағдайды анықтамақ болдық. Басқарма басшысы тендерді жеңіп алған "ҚазШосҚұрылыс" компаниясының жүктелген міндетті атқара алмай жатқанын мойындады. Сондай-ақ алдағы уақытта бұралқы иттерді аулау компаниямен келісімшартты бұзуды ойлап отырғанын жеткізді.

"Біз осы айға "ҚазШосҚұрылыс" компаниясына ақшасын төлеген жоқпыз. Компания өздері алған 18 ауданда міндеттерін орындауға үлгере алмай жатыр. Келісімшартты үзуді ойластырып жатырмыз. Егер келісімшартты бұзған жағдайда тағы басқа компаниямен келісімшарт жасасу үшін тағы кемінде жарты жыл уақыт кетуі мүмкін. Жалпы, бізге де аса күрделі мәселе болып отыр", - дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы