"Жан-жағымыздағы әңгімелер шыдатпады". Жұлдызай Дүйсенбиева 8 жыл отасқан күйеуімен ажырасқанын айтты

"Жан-жағымыздағы әңгімелер шыдатпады". Жұлдызай Дүйсенбиева 8 жыл отасқан күйеуімен ажырасқанын айтты
Фото: Instagram/zhuldizay_duisenbieva

Танымал актриса Жұлдызай Дүйсенбиева 8 жыл отасқан күйеуімен ажырасқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. Актриса оқырмандарының көкейіндегі сұраққа жауап берді. 

"Алланың тек маған берген сыйы. Папасы қыз болады дегенде ренжіп еді, неге ұл емес деп... Осы қыз үшін өмір сүріп жүрген жанмын, "неге үнемі екеуіңіз-ақ жүресіздер?" деген жандар үшін жауап беретін күн келген сияқты. Апам мен келін болып түскенде басыма орамал салып еді, жақсы жан, апа 100 жасаңыз. Алдына барып, сыйымды жасап, "мүмкін байқамай ренжіткен жерім болса, ренжімеңіз" деп кешірім сұрап, батасын алып, әулетпен қоштасып шықтым", - деп жазған актриса. 

Актриса атасы мен әжесінен алған батасы туралы айтып, естеліктерін бөлісті. 

"8 жылдан аса жаман келін болмадым, қолымнан келгенше тырыстым. Атам марқұм батасын беріп, "ризамын" деп көз жұмды. Атам керемет жан еді. Әттең, өмірден ерте кетті. Ол кісі барда қыз төрде, келін қызметте болып, бәрі өз орнымен жүретін. Ал қазір бәрі басқаша. Үлкен әжеміздің көзін көрмесем де түсіме еніп, орамал салып, батасын о баста берген", - дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.

Жұлдызай Дүйсенбиева күйеуіне өкпелемейтінін, оның жақсы әке екенін айтты. 

"Күйеуіме өкпем жоқ, өте жақсы азамат, жақсы әке. Бірақ бұл өмірді жан-жағымыздағы әңгімелер шыдатпады. Мен денсаулығыма байланысты Аянаттан басқа перзент өмірге әкеле алмадым. Осы қызыма шүкір дедім, Алла ғұмыр берсін. Сондықтан әркім бақытты болуға лайық. Ол да, мен де", - деді актриса.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек