- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құрылысына 1,23 миллиард...
Құрылысына 1,23 миллиард теңге жұмсалған музей 8 жылдан бері жабық тұр
Қазақ хандығының 550 жылдығы Тараз төрінде тойланғанда ашылған "Көне Тараз" археологиялық паркі сол 2015 жылдан бері жұмыс істемей тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құрылысына 1,23 миллиард теңге жұмсалған музейдің қазіргі күйі мүшкіл халде. Бұрынғы Орталық базардың орнында ашылған археологиялық парктің бүгінгі жағдайы жан ауыртады.
Ашық аспан астындағы парктің де ахуалы мәз емес. Ал жәдігерлер қойылған музей ғимаратының жертөлесінен бастап, екінші қабаттағы бөлімдері де қараусыз қалып, тоз-тозы шыққан қоймаға көбірек ұқсайды.
"Той 2015 жылы күзде болды. Бір аптадан кейін жаңбыр жауып, төбесінен сорғалап су ақты, астыңғы қабаты көлкіген суға толды. Электр жарығынан да кінәрат табылды. Жылуы жанбады. Есігі тарс жабылды. Бұл жағдайдан шығу үшін құрылыс басқармасы қосымша миллиондаған теңге бөліп, кем-кетіктерін жөндемекке күш салды. Алайда, іс оңға баспады. Жаңа ғимараттың бағы ашылмады. Пайдалануға жарамсыз болып шықты", - дейді белгілі қаламгер Мейрамбек Төлепберген.
Бұл проблеманы Мейрамбек Төлепберген алдыңғы шақырылымда Парламент Мәжілісінің отырысында да көтерген болатын. Депутаттық сауал жолдап, кейін осы мәселеге қатысты арнайы жиын да өткен екен.
"Облыс әкімдігіне қажетті қаржыны іздестіріп, тауып мәселені шешуге хаттамалық тапсырма жүктелді. Алайда, содан бері "ғимаратты зерделеу, жобалық -сметалық құжаттарын әзірлеу" мәселесі әлі шешілген жоқ", - дейді журналист.
Әкімдіктегілер бұл мәселе алдағы уақытта оң шешілетініне сенімді.
"Көне Тараз" музейі ғимаратының жағдайы облыс басшылығының назарында тұрған мәселе. Нысан әлі күнге құрылыс басқармасының теңгерімінде. Сондықтан, аталған басқармаға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша тапсырма берілген. Құжаттары әзірленсе, алдағы уақытта мәселе оң шешіледі", - деген жауапты алға тартты облыс әкімдігіндегілер.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы