"Қурап біттік". Түркістан облысында шаруалар бірінен соң бірі банкротқа ұшырап жатыр

"Қурап біттік". Түркістан облысында шаруалар бірінен соң бірі банкротқа ұшырап жатыр
Фото: Автордан

Түркістан облысында егістік қурап барады. Басқа жағын айтпай-ақ, бір ғана Жетісай ауданында алты бірдей ауылдық округке су жетпей, диқандар тарығып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған себеп - Шардара өзенінен су жіберетін каналдың насосостары істен шығуы. Соның салдарынан 6 мың гектар жуық егістікке су келмей қалған. Ал ол жерге 700-ге жуық шаруа қожалығы бақша өнімдері мен көкөніс дақылдарын еккен. Ол үшін бірі несие алса, бірі қолдағы бар малын сатқан. Сөйткен егістігі қаталап, қурап, еңбегі - еш, тұзы сор боп жатқан жатқан жайы бар.

"Бізге керегі ақша емес, Құдайдың қара суы. Соны сұрап барсақ, "Әне-міне, бір апта күт, он күн күт", - деп жас бала құсатып шығарып салады бізді. Күте-күте егістігіміз қурап бітті. Біз банкротпыз. Ауыл шаруашылық министрі сенаторларға "биыл құрғақшылық болмайды" деп қанша сендіріп баққанымен, шын мәнінде жағдай осылай. Шаруалардың айтуынша, мұның бәріне "Қазсушар" кінәлі көрінеді. "Өйткені мүлдем жауапсыз, ел тағдыры, жер тағдырына көз жұма қарап отыр. Жанымыз қысылғаннан бәріміз жиналып барсақ, бізді анда бір апарды, мында бір апарды, қысқасы не керек, соңында ештеңе шешілмей жоқ", - дейді Мұратбек Ағзамов есімді шаруа.

Ал жергілікті әкімдік не дейді? Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев мәселенің түпкі мәні - Өзбекстаннан екенін айтып ақталды.

"Достық каналынан 26 куб су сұратқанбыз, қазір содан бізге небары 17 куб қана беріп отыр", - дейді.

Демек, қазір дефицит 10 куб су болып тұр. Бірақ осы он кубтың өзі диқандарды деміктіруге жетіп-артылуда. Бүкіл Қазақстанды дерлік көкөніспен қамтамасыз етіп отырған Жетісай ауданында осындай қуаңшылық болса, бұл ненің белгісі? Биыл көкөніс қымбат болады, онсызда ындыны кеуіп отырған ел жазда жайнатып дастарқан жая алмайды. Қысқасы, жағдай қиын деген сөз...

Ашынған халық облыстан келген "Қазсушар" мекемесінің басшылығын сұрақтың астына алды. Себебі, Өзбекстан тарапынан су болмағанда Шардара су қоймасынан су жеткізу үшін салынған каналдың жағдайы сын көтермейді. Су тартқыштер істен шыққан соң, ауылдарға су жетпейді.

Бахтияр Балтаханов есімді тағы бір шаруа "несие мына жерімнен келді. Барлық жеріме мен қазір өзімнің келіншегімнің алтындарын қойып, уже 8 млн шығын жасап қойдым. Ертең несиемізді қайтып жабамыз" дейді.

"Қазсушардың" басшылығы канал жөнделіп жатқандықтан бұл айда ағын суды бере алмаймыз деп қысқа қайырды.

"Қазсушар" РМК ТФ директорының орынбасары Марат Әділбеков "Дәл қазір ішінара жөндеу жүріп жатыр. Құдай қаласа 5-ші маусымға дейін біз оны бітіреміз. Өйткені біз оны қазір аша алмаймыз. Біз қазір басқа каналдың суларын қысып қысып, осы 33-ші каналға алып келіп жатырмыз" дейді.

Жауаптылар болса мәселе үкіметтік деңгейде шешілмесе жуық арада Тәжікстаннан Өзбекстан арқылы келетін судың көлемін арттыру қиын деп отыр. Сондықтан су проблемасы шешімін тапқанша өзге ауылдардың суын азайтып, алты округке бұрып әлек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы