Шымкенттегі сауда орталығында бейтаныс біреудің ұмытып кеткен сөмкесіне бола дүрбелең туды

Шымкент полиция департаменті жедел басқару орталығының 102 арнасына Shymkent Plazа сауда үйінің қызметкерлері бейтаныс біреу ғимарат ішінде күдік туғызатын жол сөмкесін қалдырғанын хабарлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға орнына шұғыл түрде полиция, ТЖ қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барды. Аз уақыт ішінде сауда орталығына келушілер қауіпсіз аумаққа шығарылып, оқиға орны қоршауға алынды.

Келген саперлар сөмкеде жарылғыш заттар бар-жоғын тексерді. Нәтижесінде, сөмкеден жеке заттар табылып, оның иесі анықталды. Ол Қарағандының тұрғыны болып шықты.

Ер адамның айтуынша, ол әуежайға асығып, сауда үйінде жол сөмкесін ұмытып кеткен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!