"50 жыл бұрын салынған". Қонаев қаласында кәріз жүйесі тозып кеткен

"50 жыл бұрын салынған". Қонаев қаласында кәріз жүйесі тозып кеткен
Фото: Автордан

Қонаев қаласында кәріз жүйесі тозып кеткен. 50 жыл бұрын салынған су тазалағыш қондырғы да әбден ескірген. Құбырларды ауыстырмаса, кез келген уақытта апат болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батыстан жел соқса қаланың 5-ықшамауданын жағымсыз иіс жайлайды. Сасық ауа төңірекке тез тарайды.

"Әсіресе, жаздың ыстық күндерінде тіпті қиын. Есік-терезелерді қанша жапсақ та иіс оңайлықпен кетпейді. Біздің ықшамауданда  канализацияның құбырлары ауыстырылмаған. Соның сасық иісімен тыныстауға мәжбүрміз. Тезірек жаңартса дейміз. КСК-лар жұмыс істемейді. Үй астындағы жертөлелерді тазаламайды. Іші бықсып жатады. Соны қолға алу керек қой" дейді тұрғындар.

Ал, 2-ықшамаудан тұрғыны болса қалада ешқашан кәріз құбырлары ауыстырылмағанын айтады.

"Қапшағайда тұрып жатқаныма 40 жылдай болды. Бірақ, канализация жүйесін бірде-бір рет күрделі жөндегенін, құбырларды ауыстырғанын көргенім жоқ. Кейде трубалар бітеліп, су ақпай қалады" дейді тағы бір тұрғын. 

Ал, қалалық кәріз суын тазалау нысаны 1968 жылы яғни, Қапшағай қаласының іргесі қаланғанда салынды. Бірақ, елу жылда күрделі жөндеу жасалмаған кәріз жүйесінің бүгінгі ахуалы аянышты-ақ. Құбырлар шіріп, әр жерден тесілген. Мұнда күніне 25 мың текше метр су өтеді. Қаланың басты мәселесін жуық арада реттеу үшін биыл бюджеттен 10 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 11 су сорғыш станцияны жаңғыртуға жұмсалады. Қазір ағымдық жұмыс басталып, жыл басынан бері бір жарым шақырым құбыр ауыстырылды. Нысанды толық жаңалау мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағдарламасы негізінде іске асады.

"Қазіргі таңда оның техникалық құжаттары дайындалып жатыр. Бірінші кезеңде жобаға қатысатын үш компания іріктелді. Екеуі отандық, біреуі Голландиядан келген инвестор. Байқаудың екінші кезеңінде нормативтік ережелерге сай қандай компания сәйкес келеді біз соларға хаттама жібереміз. Бұл жерде жаңа технологиямен 100% жаңа кәріз жүйесі салынады" деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Қарақонысов.

Қонаевта қазір 55 мыңнан астам адам тұрады. Қалада 240 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұған әлеуметтік нысандарды, мемлекеттік мекемелер мен сауда ғимараттарын қосыңыз. Барлығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Одан бөлек, жаңа үйлер мен түрлі нысан салынып жатыр. Сондықтан кәріз жүйесін салу кезек күттірмес мәселе болып тұр. Жалпы жобаның құны 15 млрд теңгені құрайды. 

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы