- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тышқан, жылан қаптап...
"Тышқан, жылан қаптап жүр". Құрманғазыда апат жағдайындағы үй тұрғындары дабыл қақты
Атыраудағы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылының Ғилаев көшесіндегі №7 үйдің тұрғындары қабырғасы сөгіліп тұрған баспанада тұруға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Салынғанына 53 жыл болған үй кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін. Тұрғындар көктеген қабырғаларға әбден үйреніп кеткен.
"Көктің күлімсі иісі киімдерімізге сіңіп кеткен. Үйге қонақ шақыра алмаймыз. Себебі үй кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Қыста үй қақап кетеді. Үйдің іргетасы отырып кеткендіктен, сөгілген қабырғалардағы жарықтардан жел келеді", - дейді Нұргүл Фазылқызы.
Үй деп айтуға келмейтін жағдайдағы жаппаның құлап қалуынан қорыққан Нұргүл қазір қаладағы баласын сағалап жүр. Тозығы жеткен үйді мекендеп жүрген Дара Рахметулина жолдасы екеуінің денсаулығы нашарлағанын айтты.
"Күн суытса тұмау-сүзектен көз ашпаймыз. Кең ас үйім болса деп армандап жүрген көрші апамыз, ауыр сырқаттанып ақыры көз жұмды. Жаңа үйге жете алмай кетті. Ауылдық жерде үй жалдау да қиын. Жағдайы жасалған үйлерді жалдау ақысы 40-50 мың теңге тұрады. Екі-үш айдан соң пәтер иелері "үйімізді босат" деп шығады. Сондықтан апат жағдайында болса да осы үйден шыға алмай отырмыз. Үйде тышқан, жыланға дейін жүреді. Күн жылынса үйді улаудан көз ашпаймыз", - дейді Дара Рахметулина.
16 көппәтерлі үйдің қауіпті жағдайынан Құрманғазы ауылы әкімдігі хабардар. Ауданнан арнайы комиссия құрылып, бұл үй апат жағдайында деп танылған.
"Тұрғындар тұрғын үй кезегіне тіркелді. Бірақ дәл қазір бұл кісілерді көшіретін мүмкіндік жоқ. 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салу жоспарда. Ғилаев көшесіндегі №7 үйдің тұрғындарына сол пәтерлерден баспана берілуі тиіс", - деп түсінік берді Құрманғазы ауылы әкімдігі өкілі.
Әзірге құлағалы тұрған үйде сегіз отбасы үреймен күн кешіп жатыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы