Алматы мектептерінде соңғы қоңырау мен бітіру кеші қашан өтеді?

Алматы мектептерінде соңғы қоңырау мен бітіру кеші қашан өтеді?
Фото: ©Tengrinews.kz

Алматы қаласы білім басқармасы өкілі мектептердегі соңғы қоңырау мен бітіру кештері қашан өтетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басқарма мәліметінше, Алматы мектептерінде соңғы қоңырау 1 маусымда өтеді. 4,9 және 11-сынып оқушылары үшін оқу жылы аяқталуына орай салтанатты жиындар өткізіледі. Бұл ақпаратты өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева айтты.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Оқу жылының соңғы күнінде жалпы білім беретін мектептер бекітілген кестеге сәйкес сабақтар өткізеді және күнді сынып сағатын өткізумен аяқтайды.

"Оқу жылының соңында салтанатты іс-шара өткізу бойынша қалыптасқан мектептегі дәстүрді қолдаймыз. Мектептер салтанатты жиын өткізу туралы шешімді өздері қабылдайды", - деді Жанат Айтпаева.

Биыл 9-сыныпта 28 мыңнан аса, ал 11-сыныпта 14 мыңнан аса білім алушы бар.

Сондай-ақ, Алматыда оқушыларға бітіру емтихандары қашан өткізілетіні, бітіру кештері қай күнге қойылғаны белгілі болды.

Алматының 9-сынып оқушыларына арналған қорытынды емтихандар 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік қорытынды емтихандар 5-19 маусым аралығында өтеді.

Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жылына 4 рет (қаңтар-ақпан, наурыз, мамыр-шілде, тамыз) өткізіледі. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында 18 мамырдан 5 шілдеге дейін өткізіледі.

11-сынып түлектеріне жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 20-22 маусымда мектеп қабырғасында өткізу ұсынылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова