- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда күл-қоқыстың ортасында...
Атырауда күл-қоқыстың ортасында тұрып жатқан тұрғындар наразылық білдірді
Атыраудағы Өркен-2 шағынауданының тұрғындары күл-қоқысқа толған карьерлерді көміп, тазартуды үш жылдан бері талап етіп келеді. Бірақ Атырау қалалық әкімдігі тарапынан нақты шаралар қолға алынбай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың жанайқайын жергілікті қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Өркен-2 шағынауданында қолдан жасалған қоқыс алаңында құрылыс материалдары шашылып жатыр. Бір қызығы, бір типтегі бірнеше үй құрылысы жартылай салынған территория бір адамға тиесілі болуы мүмкін. Себебі "жер сатылады" деген жарнамада бір адамның нөмері жазылып тұр", - деді Нұрлан Жунасов.
Қоқыс толы аумақ пен карьер тұрғын үйлердің арасында орналасқан. Ол жерден шығып жатқан күлімсі иіс, бөлініп жатқан улы заттар туралы тақырып - бөлек әңгіме.
"Біріншіден, берекетсіз тасталған қоқыстар шағынауданның көркін бұзып тұр. Екіншіден, ашық жатқан карьер балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Үшіншіден, алда жаз келе жатыр. Жаз маусымында қоқыс алаңынан шығатын күлімсі иіс үйіміздің ішіне дейін кіріп, тұншығамыз. Демалу мүмкін болмайды. Сондықтан қолдан қоқыс жасаған территорияның иесін тауып, жауапқа тартуды, аумақты тазартуды және карьерді көміп тастауды талап етеміз", - дейді тұрғындар.
Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау салып көрдік, бірақ жауап алу мүмкін болмады. Дегенмен мәселеге бірінші болып Атырау қалалық мәслихатының депутаты, мәслихат хатшысы Нұрбол Құрманов пікір білдірді.
"Өркен шағынауданындағы қоқысқа айналған үш сайдың мәселелері туралы хабардармын. Мәселе күрделі. Қаражат пен уақытты талап етеді. Атырау қаласы әкімдігіне депутаттық сауал жолдап, мәселені көтерудемін және үнемі бақылауда ұстаймын", - деді Нұрбол Құрманов.
Жауапты органдардан үміт күтіп отырған Өркен шағынауданының тұрғындары бүгінде күл-қоқыстың күлімсі иісіне тұншыға шыдауға мәжбүр болып отыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы