- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атбасарлық шаруалар киіктердің...
Атбасарлық шаруалар киіктердің шабуылынан шығынға батқан
Атбасарлық шаруалар киіктердің егінді таптап кетуінен былтыр 2,5 миллиард теңге сомасында шығынға батқан. Бұл соманы мемлекет фермерлерге өтемейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің 20 мың гектардан аса егістік алқабын киіктер таптап кеткен.
"Ешқандай сақтандыру компаниялары мұны өзіне алмайды. Шағымхаттар барлық деңгейде жолданды. Бірақ егіннің тапталып, фермерлердің аса зор мөлшердегі шығын мәселесі шешімін тапқан жоқ", - дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
Аудан әкімі бұл мәселені жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес екенін айтты. Жақында жергілікті атқарушы билік бұл мәселені қозғап, жоғары органдарға, оның ішінде Экология министрлігіне жүгінген. Ал шаруалар былтырдан бері егістік алқаптарының айналасын үш метр деңгейіне дейін қазып тастаған. Бұл жануарларды қорғау ұйымдары, мемлекеттік органдар мен шаруалар арасында үлкен дау тудырыпты.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы мәліметінше, бүгінге дейін 4-5 киік қазылған орға жығылып, мерт болған. Түйінді мәселені тез арада реттеу әдісі әзірге табылмаған.
Деректерге сүйенсек, Атбасар ауданында былтыр шамамен 150 мыңға дейін киіктер егінді таптаса, биыл олардың саны кемінде екі есеге көбеюі мүмкін.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz