- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- The Spirit of...
The Spirit of Tengri фестиваліне әлемге әйгілі Рагху Диксит тобы келеді
The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестиваліне биыл 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы ең танымал және адамдар асыға күтетін мәдени оқиғалардың біріне айналды. Сонымен қатар өзінің өзгермейтін құндылықтарын қалыптастырды. Биылғы фестивальге үндістандық әлемге танымал, дүниежүзінің 40 елінде 1500-ден астам концерт берген Рагху Диксит тобы келеді. Қонақтарды Novotel City Center Almaty қарсы алады.
Бірнеше жыл бойы фестиваль құндылықтарын Алматы қаласының әкімдігі қолдап келеді. Оның бас серіктестері – Magnum Cash & Carry және – Kaspi.kz.
Биыл этникалық фестиваль Республика сарайының алдындағы Абай алаңында 10-11 маусымда ашық аспан астында өтеді. Осы орайда Мassaget.kz порталының тілшісі аталмыш фестивальге келетін әлемге танымал үндістандық Рагху Диксит тобымен тілдесті.
© raghudixit.com
The Guardian "Үндістанның ең үлкен мәдени экспорты" деп сипаттаған Рагху Диксит тобы ежелгі үнді поэзиясының, заманауи дыбыстардың және жергілікті тілдердің эклектикалық қоспасын біріктіретін Үндістанның жетекші заманауи фольклорлық топтарының бірі. Mr.Dixit Үндістандағы тәуелсіз музыканы жасауда маңызды рөл атқарды және әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік музыканттарымен жұмыс істеген. Кейінгі 20 жылда топ 40-тан астам елде – Сидней опера театрынан Сингапурдағы Эспланадқа және Лондондағы Саутбанк орталығына дейінгі ірі орындарда 1500-ден астам концерт берген. Рагху сонымен қатар 2012 жылы Виндзор сарайындағы Елизавета патшайымның таққа отырғанына 60 жылдық мерейтойында орай Үндістаннан өнер көрсетуге шақырылған жалғыз музыкант. 2011 жылы Рагху Songlines журналының "Жыл жаңалығы" сыйлығына ие болды. Содан бері Үндістанда және шетелде көптеген марапат иесі атанған.
– Рагху Диксит мырза, топтарыңыз қай елдерде болды, жанкүйерлеріңіз қай елдерде тұрады, халық музыкасын қандай тыңдарман бағалайды?
– Біздің музыканы үнді және батыс аудиториялары бірдей ұнататынын ескерсек, топтың жанкүйерлері бірнеше елде бар. Олардың нақты санын анықтау қиын.
Халық музыкасын жасына, жынысына немесе тіпті географиясына қарамастан бүкіл әлемде адамдар бағалайды. Youtube статистикасы бойынша біздің әндерді 150-ден астам елде тыңдайды.
© livenation.co.uk
– Қазақстанда бұрын болдыңыздар ба?
– Иә! Біз 2019 жылы The Spirit of Tengri-де өнер көрсетуден керемет ләззат алдық. Алматыда 4 күн болдық және фантастикалық фестиваль ұйымдастырушыларының қонақжайлығының арқасында тамаша уақыт өткіздік. Қайта оралуды асыға күтеміз.
– Біздің ел туралы айта кетсеңіздер?
Қазақстан – біз барған ең әдемі елдердің бірі. Қарлы таулар, әсем көлдері, әдемі Алматы қаласы, оның жанданған мәдени өмірі керемет әсер береді.
Қазақстан халқына алғысым шексіз. Жергілікті халық соншалықты жылы, мейірімді, қонақжай және ең бастысы, басқа халықтар мен мәдениеттерді құшақ жая қабылдайды.
– The Spirit Of Tengri жобасы туралы не айтасыздар?
– Дүние жүзіндегі сансыз фестивальдерде өнер көрсеткендіктен, Spirit of Tengri мен үшін және менің тобым үшін ерекше орын алатынын айта кетуім керек. Фестиваль әлемнің түкпір-түкпірінен келген музыканттарды біріктіріп қана қоймайды, сонымен қатар өте жақсы ұйымдастырылған. Бұл шара көрермендер үшін де, музыканттар үшін де керемет тәжірибе алаңы.
Фестивальді ұйымдастырушылар – біздің фестивальде уақытты жақсы өткізу үшін бар күшін салады. Оларға да алғысымыз шексіз.
Басқа фестивальдердің көпшілігінен айырмашылығы, Spirit of Tengri музыканттардың уақытын керемет өткізуіне, бейресми байланыс орнатуға, бірлесіп жұмыс істеу және пікір алмасу мүмкіндіктерін жасайды.
© virtualexpodubai.com
– Еліміздің музыканттарымен байланыстасыздар ма?
Кейінгі рет 2019 жылы фестивальде өнер көрсеткенімізде Әселмен концерттегі әндердің біріне қосылып, қызықты әсер қалдырдық. Бірақ, жалпы аймақтың музыкасы, әсіресе, Қазақстанның халық музыкасын орындайтын музыкалық топтар бізді қатты қызықтырады. Бір-екі жыл бұрын үнді өнерпаздарымен бірігіп жұмыс істеген Астана симфониялық оркестрінің шығармаларын да тыңдағанды ұнатамын. Керемет концерт өткен болатын.
Біз Қазақстандағы музыканттармен ұзақ мерзімге байланыс орнатуды асыға күтеміз, бұл болашақта қызықты мәдениетаралық ынтымақтастыққа әкелуі мүмкін.
© tengrinews.kz
Айта кетейік, The Spirit of Tengri аясында халықтар мен мәдениеттердің бірігуі – фестивальдің негізін қалаушы Батыр Қазыбаевтың негізгі мақсаты еді. Өкінішке қарай, ол бір жыл бұрын өмірден өтті. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл мерейтой фестивалін жобаның негізін қалаушы – Батыр Қазыбаевқа арнайды.
Т. Раушанұлы