Электрон темекіні шеккен 25 жастағы жігіт мүгедек болып қалуы мүмкін

Электрон темекіні шеккен 25 жастағы жігіт мүгедек болып қалуы мүмкін
Фото: pixabay

Қазақстанда вейп тұтынатын жастар мен жасөспірімдер қатары көбейіп бара жатыр. Бұл туралы "Ұлттық ғылыми медициналық орталық" АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, 2017 жылы иістендіргіш вейптер шыға бастаған кезден-ақ бұл мәселе басталған. Брифинг барысында Байгенжин зерттеу қорытындыларын көрсетіп, вейптердің өкпеге қаншалық зақым келтіретінін айтты.

"Кейбір адамдар электрон темекілер басқа, вейптер басқа ма деп сұрайды. Еуропалық, америкалық жіктеу бойынша электрон темекілер мен вейптер - бір. Электрон темекілер денсаулыққа көп зиян тигізбейді деген ғылыми негізделген дәлел жоқ. Кеше клиникаға 25 жастағы жігіт түсті. Өкпесінің қалпы осындай. Оған қоса сұйық мөлшері бар. Жақын арада ол қаладағы емханада емделгені белгілі болды. Онда сол сұйықтықты соруға тырысқан, бірақ істей алмаған. Енді бізге түсті. Кеше консилиум өткіздік. Қиындық туындап отыр. Профессорлар табиғатын білмейді, нәтиже қандай боларын білмейді. Туберкулезді көрсететін үлкен нәрсе бар. Енді 25 жастағы жігіт жоқ дегенде инвалид болып қалуы мүмкін", - деді ол.

Айта кетейік, HBSC деректері бойынша, былтыр Қазақстанда 13-15 жас аралығындағы электрон темекі тұтынған ер балалардың үлесі 17,8 пайыз болған. Ал қыздар арасында 9,6 пайыз болған.

Бұл көрсеткіш 2018 жылы 14 пайыз және 6 пайыз көлемінде болған. 2014 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш ұл балалар арасында үш есе, ал қыздар арасында екі есе өскен.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда дүкендердің бірі электрон темекіге акция ұйымдастырып, оқушылар ұзын сонар кезекке тұрғаны хабарланған еді. Сонымен қатар, депутат елімізде вейп пен оның басқа да түрлерін сатуға тыйым салуды ұсынған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова