Талдықорған қаласының әкімі жансақтау бөліміне түскен

Талдықорған қаласының әкімі жансақтау бөліміне түскен
Фото: gov.kz

Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист, блогер Сандуғаш Дүйсенова Instagram-парақшасында хабарлаған болатын. Ақпараттың мән-жайын анықтау мақсатында Massaget.kz тілшісі Әсет Масабаевтың өкілі Мәди Шәкеновке хабарласты. 

"Бұл рас ақпарат. Бірақ қазір әкімнің жағдайы тұрақты. Жағдайы дұрысталды. Қазір жалпы палатада жатыр. Жансақтау бөліміне жүйке жүйесіне байланысты ауруханаға 3-4 күн бұрын түскен. Жансақтау бөлімінде екі күндей жатты", - дейді Мәди Шәкенов. 

Айта кетейік, Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев 1985 жылы Алматы облысында туған. Еңбек жолын 2007 жылы "Алматы электр станциясында" электромонтер болып бастаған.

2008 жылдан 2010 жылдары "Наз" ЖШС-де бас энергетик, "Алмаз және КЮС" ЖШС-де техникалық директор болып жұмыс істеген.

2010 жылдан 2013 жылдары Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жетекші маманның міндетін атқарушыдан энергия, жылумен қамту бөлімінің бастығына дейінгі жолдардан өткен.

Әр жылдары Жетісу және Медеу аудандары әкімдерінің орынбасары, Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, қаланың Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының, Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы болған.

2019 жылдың сәуір айынан бастап Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған.

2019-2020 жылдары - Алматы қаласы энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы. 2020 жылғы 12 қыркүйек Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі.

2022 жылғы 04 наурыздан бастап Талдықорған қаласының әкімі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина