- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мүмкіндігі шектеулі жандар...
Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік бағдарламамен алған үйлерінің сапасына шағымданды
Өскемен қаласы Қатонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылының тұрғындары редакциямызға хабарласып, шағымдарын жеткізді. Олардың айтуынша, мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген үйдің сапасы сын көтермейді. 2021 жылы пайдаланылуға берілген тұрғын үйдің жартысынан көбін жергілікті жердегі мемлекеттік қызметкерлер иемденіп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әсем Жүнісованың бұл үйде тұрып жатқанына бір жылдан асқан. Мемлекеттік бағдарламамен берілген пәтердің бүгінде қабырғалары ылғалданып, құлауға айналған.
"Пәтер деген аты болмаса проблемасы бір басына жетіп артылады", - дейді ол.
Су құбырлары жиі істен шығып, жылу құбырлары мүлде жылытпайды екен. Тиісінше жылу жүйесіне ақша төлеуді де доғарыпты.
"Күн суық уақытта үйдің іші тым салқын. Сол себепті біз жылу жүйесіне ақша төлемейміз. Электронды жылытқышты пайдаланғандықтан электр жарығы үшін көп төлеуге тура келеді", - дейді ауыл тұрғыны Әсем.
Екі баланың анасы "осы үйге көшіп келгелі балаларым аурудан көз ашқан жоқ" деп налиды. Тоғыз жастағы қызы демікпе ауруымен ауырса, он жастағы ұлы жөтелдің асқынған түріне шалдығыпты. Ауруы асқынған балалары сабағына да жөнді қатыспайтын көрінеді.
"Менің екі балам бар. Екеуі де қысы, жазы ауырып шықты. Мектепке жөтеліп барса мұғалімдері сөйлейді. Ал мектепке жібермесем, мектеп басшылығы "неге жібермейсің?" деп сұрау салады. Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Жүрегім ауырады, аяғымнан жүре алмаймын. Жөтелден әбден қажыдық шыны керек", - дейді Әсем Жүнісова.
Жалғызбасты ана арызын айтып бармаған жері жоқ. Тіпті Қатонқарағай әкіміне дейін барыпты. Алайда жауапсыз жергілікті атқарушы орындар "күн жылынғасын іске кірісеміз" деп құрғақ уәдемен шығарып салатын көрінеді. Салы суға кеткен ана кімнен көмек сұрарын білмей дал болған. Редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғындары әкімдіктің "Үстімізден шағым жазсаңдар үйлеріңнен айырыласыңдар", - деп қорқытқанын да жасырмады.
Тұрғынның сөзінше, үш қабаттан тұратын тұрғын үй кешенінде 30 пәтер бар болса, соның жиырмасында мемлекеттік қызметкерлер тұрады екен. Олардың санатында әкімнің орынбасарлары, өрт сөндіру қызметі бастығы, тұрғын үй коммуналдық шарушылығы қызметкерлері де бар. Ғимараттың қоғамның осал топтарына арналып салынғанын ескерсек, бұл жерде "бармақ басты, көз қысты" әрекеттердің көп екені аңғарылады. Ал Әсем Жүнісованың бар тілегі "жергілікті әкімдік біздің жағдайымызды көрсе, пәтерімізді жөндеп берсе" дейді.
Massaget.kz редакциясы мәселеге орай, әкімдікке арнайы сауал жолдады. Бұл мәселе назарымызда болады.
Ж. Зинешов