"Тапсырмаларды WhatsApp арқылы да береді". Тоқаев туралы қызық деректер

"Тапсырмаларды WhatsApp арқылы да береді". Тоқаев туралы қызық деректер
Фото: TENGRINEWS / Тұрар Қазанғапов

Бүгін - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Президент мерейлі 70 жасқа толып отыр. Қарапайым отбасында дүниеге келген Тоқаев өмір жолында бірнеше жауапты, беделді қызметтер атқарған. Massaget.kz тілшісі Мемлекет басшысы туралы қызық деректерге шолу жасады. 

Тоқаевтың балалық шағы қайда өтті?

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда туып-өскен, бірақ балалық шағының бір бөлігін Кәлпе ауылында өткізген. Кәлпе - Жетісу облысы Қаратал ауданындағы ауыл.

Tengrinews

Кәлпеде болашақ президенттің әкесі тұрған. Бұл ауыл Үштөбеден 40 шақырым жерде орналасқан.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің ауылдың тумасы деп айтуға болады, өйткені оның әкесі мұнда ұзақ жыл өмір сүрген", - деген ауылдық округ әкімі Сержан Андасбаев.

Тоқаев қай мектепте оқыған?

2gis

Суретте Қасым-Жомарт Тоқаев білім алған - І.Есенберлин атындағы №25 гимназия. 2021 жылы Алматыға іссапарларының бірінде Мемлекет басшысы өзі түлеп ұшқан мектепке де ат басын бұрған. Президент бұл оқу орнын 1970 бітірген.

"Есте қалар сәт - Мемлекет басшысының өзі білім алған сыныпқа кіріп, отырған орнын, бала кезіндегі қызық шақтарын еске алуы. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тарихына арналған музейдің экспозициясымен танысты. Онда оқу ордасының тарихы туралы түрлі архив құжаттары, белгілі түлектердің өмірбаяндары мен фотосуреттері жинақталған. Президент мектеп кітапханасындағы Құрметті қонақтар кітабына ізгі ниетін жазып, қолтаңбасын қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1970 жылы 10 "В" сыныбының атынан өзі жазған хаты көрсетілді. Бұл хат уақыт капсуласына салынып, мектеп қабырғасына қаланған болатын. Дәстүрді жалғастырған 11-сынып оқушылары Мемлекет басшысымен бірге 2050 жылға арналған хатты уақыт капсуласына салып, мектеп қабырғасына қойды", - делінген мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Tengrinews.kz

"Төбелесуге тура келген сәттер болды. Кейде үзілісте төбелесетін едік. Көшеге шығып та. Төбелестер болды", - деп еске алған еді Мемлекет басшысы сұхбаттарының бірінде.

Тоқаев қай университетте оқыды?

smapse

Бұл - Президент білім алған жоғары оқу орны. Қасым-Жомарт Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Кейін КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өткен. Осылайша, Тоқаев әлемдегі ең қиын тілдердің бірі саналатын қытай тілін таңдаған.

Тоқаев қанша тіл біледі?

"Бір тіл сізді өмір дәлізіне апарады. Екі тіл жол бойындағы барлық есікті ашады". Бұл - психолингвист Френк Смиттің сөзі. Тоқаев та бұл сөзді өмірлік қағидасына айналдырған секілді. Себебі ол бір емес, бес тіл біледі.

Тіпті Желіде тараған видеолардың бірінде оның бір күн ішінде француз, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде сөйлеп, өзге ел өкілдерін қабылдағаны айтылады.

"Тілді, мәдениетті, басқа мемлекеттің тарихын білу ортақ байланыс табуға, сұхбаттасушының ұстанымын түсінуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде күрделі келіссөздер барысында да өзара түсіністік орнатуға кеңес береді", - деді Тоқаев сұхбаттарының бірінде бұл туралы.

Тоқаев қанша мемлекетте елші болды, қандай жауапты қызметтер атқарды?

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған.
  • 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады.
  • 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Әбішұлымен 1985 жылы Қытайдағы кеңестік елшіліктің екінші хатшысы болып қызмет етіп жүрген кезінде Бейжіңде танысқан. Тоқаевты көріп "Қазақсың ба" деп сұраған. "Қазақпын" деген жауап алған. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы бұл әңгімені ұмытпаған.

"Елбасы маған "Шинеліңді ал да, елге қайт!" деді. Мен мұны шақырту деп қабылдадым. Сосын оны күттім", - деп есіне алды Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен танысуын.

  • Ал 1992 жылы Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады.
  • 1993 жылы Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды.
  • 1994 жылы еліміздің сыртқы істер министрі болып тағайындалады.
  • 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болды.
  • 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-министр болып тағайындалды.
  • 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі болды.

tengrinews

  • 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі. 

baigenews

  • 2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды.
  • 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.
  • 2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, сондай-ақ, Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.
  • 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы болып қайта сайланды.

Демек, Тоқаев екі елде елші қызметін атқарған, бірнеше мәрте Сыртқы істер министрлігінде басшылық қызмет, Парламент сенатының төрағасы, Үкімет басшысы және орынбасарлары қызметтерін атқарды. Мемлекет басшысының көпжылдық тәжірибесі оған халық арасында, әлемдік аренада мықты саясаткер деген мадақ айтылуына ықпал еткен секілді.

Тоқаевтың жеке өмірі туралы не белгілі?

Sputnik.kz мәліметінше, Тоқаевтың есімі әкесінің ағасының құрметіне қойылған.

"Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты", - деп жазған Тоқаев кітабында.

Биыл Мемлекет басшысы Ресейге барып, Трубино деревнясындағы ағасы Қасым Болтаев жерленген бауырластар зиратына тағзым етті. 

stat.gov мәліметінше, Қазақстанда Қасым-Жомарт есімін алған 116 адам болса, ал Қасым Жомарт болып тіркелген 56 адам бар екен. Сондай-ақ, ҚасымЖомарт деген 702 адам, КасымЖомарт деген 67 адам, Касым-Жомарт деген 7 адам, Касым Жомарт деген 4 адам бар. 

sputnik.kz мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыныптасы Андрей Антоненко оның отбасы туралы айтқан. 

"Пәтер мен жағдайлары өте қарапайым болды. Әкесі Кемел Тоқайұлы, есімде, өте ұстамды әрі аз сөйлейтін адам болып көрінді. Балалық шақтағы қайғылы оқиғалар, жақындарын жоғалтуы, соғыс әсер еткен секілді. Алайда ол қатал болып көрінбеді", - деді Антоненко.

Ашық дереккөз

Президенттің сыныптасы оның анасы үйіне барған сайын дастархан жайып, оларды бәліш, шаймен қонақ ететінін еске алған.

"Інісі мен қарындасы сол кездің өзінде тәрбиесімен үлкен ағасы мен оның жолдастарына құрметпен қарайтын. Кейінірек әкесі мен анасы өмірден өткеннен кейін Жомарт оларға ата-анасындай болды", - дейді Андрей Антоненко.

Президенттің жақындары мемлекеттік қызметте істей алмайтыны туралы заң шыққаннан кейін Қазақстанның Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастин бірден қызметтен босатылды. Ол - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күйеу баласы, қарындасы Қарлығаның күйеуі екені айтылады.

Тоқаев туралы қызық деректер

  • Мемлекет басшысы - халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы.
  • Тоқаев саламатты өмір салтын ұстанады.
  • Ал әдебиет жанрлары ішінен көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады екен.
  • Саяси ғылымдарының докторы.
  • Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы.
  • Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың "Жыл адамы" лауреаттарының тізіміне енген.
  • Сұхбаттардың бірінде Тоқаев рэп орындаушы Скриптонит пен Димаш Құдайберген туралы ойын айтқан.

"Скриптонитті бірнеше рет тыңдап көрдім. Ұйып тыңдадым, бәрін түсіндім деп айта алмаймын. Бірақ түсінуге тырысып көремін. Ал жалпы алғанда Димашымызды мақтан тұтамыз. Әуелі Қытайды, енді Ресейді тәнті етті. Кремльдегі съездер сарайында бірнеше концерт берді. Концерттерінің бәрі аншлагпен өтті", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Тоқаев қай спортты жақсы көреді?

Мемлекет басшысы 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды. Кәсіби спортшылар да Президенттің спорттық машығын жоғары бағалайды.

Кездесулердің бірінде ол Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен үстел теннисін ойнаған еді.

Тоқаев қандай әлеуметтік желілерде отырады?

Президент екі әлеуметтік желіге тіркелген. Twitter-дегі парақшасында 349 мыңнан аса оқырманы бар. 2011 жылы дипломат Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының бірінші орынбасары болды. Сол кезде Twitter желісіне тіркелген. Ал Instagram желісінде 2 миллион 600 мың оқырманы бар.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сұхбаттарының бірінде WhatsApp-тағы хабарламаларға өзі жауап беретінін жеткізген еді.

"Мен әлеуметтік желілерде отырамын. Смартфон қолданамын. WhatsApp-тан келген хабарламаларға жауап беремін. Ол жай қарапайым күнделікті іс. Түптеп келгенде, мен ешкіммен хабарласпай отыра алмаймын ғой", - деді Мемлекет басшысы сұхбатында.

Президент қоластындағыларға кейбір тапсырмаларды WhatsApp арқылы да жіберетінін айтқан болатын.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда туған. Әкесі - Кемел Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. Анасы - Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен. Мемлекет басшысы биыл 70 жасқа толады.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні қалай өтілетіні белгілі болғаны хабарланған еді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде жазды. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы мұндай шараларды құптамайды. Сондықтан ол күн жұмыс кестесіне байланысты өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова