"Ертіс" футбол клубы қайта құрылуы мүмкін

"Ертіс" футбол клубы қайта құрылуы мүмкін
Фото: Sputnik / Алексей Даничев

Әйгілі "Ертіс" футбол клубы қайта құрылуы мүмкін. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында осындай жазба қалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгін біз әріптестерімізбен бірге аты аңызға айналған, павлодарлық футболшылардың бірнеше буынын қалыптастыра білген "Ертіс" клубын қайта құру мүмкіндігін талқыладық. Оған дәл қазіргі уақытта екі нұсқа бар. Біріншісі – бұған дейін болған қазір 3,1 млрд теңге қарызы бар банкроттағы клубты қайтадан аяқ тұрғызу. Екінші нұсқа – FIFA-ның ережесіне сай "Ертіс" деген атаумен жаңа клуб құру. Ол жаңа клуб ойыншылар мен бапкерлер алдындағы 846 млн. теңге берешекті өтейтін болады", - деп жазды Асайын Байханов.  

Бүгінгі жиын соңында "Ертісті" қайта құру мүмкіндігі бойынша жол картасын әзірлеу үшін облыстық спорт және денешынықтыру басқармасына 10 күн уақыт берілді. Егер жоба жүзеге асатын болса команда негізінен жергілікті футболшылардан жасақталатын болады.

Айта кетерлігі, кезінде Қазақстанның бес дүркін чемпионы болған "Ертіс" футбол клубы салықтық қарызына байланысты 2020 жылы Премьер лигадан шығарылды. Клубтың берешегі 3 млрд теңгеден асады. Қазір есеп-шоттары бұғатталып, команда жойылған. Кезінде "Ертіс" футбол клубын басқарған үш бірдей директорлары істі болды. Мәселен, "Ертісті" 2017 жылға дейін басқарған Серік Омарханов бір жылға сотталды. 2017 жылдың шілдесі мен 2018 жылдың наурызы аралығында басшылық еткен Жанайдар Дүйсембаев бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Ал, соңғы директоры болған Ардақ Торсықбаев екі жыл жазаға кесілді. Қазір ел біріншілігінде Павлодар облысының атынан "Ақсу" футбол командасы өнер көрсетеді.

Е.Базарқұл       

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы