- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мектепте қандай да...
Мектепте қандай да бір сылтаумен жыл соңында ақша жинау дұрыс па?
Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті мектептерде қандай да бір сылтаумен жыл соңында ақша жинау деректеріне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комитет мәліметінше, мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлама болып саналады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлама болып саналады. Заңның 22-бабының 1-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Осыған орай әрбір мемлекеттік органда, оның ішінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінде сенім телефоны бар. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіндегі сенім телефонының нөмірі – +7 (7172) 74-24-11", - дейді комитет өкілдері Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына берілген жауапта.
Ал Заңның 23-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларға белгілі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы хабарлай алады.
Фото: Pixabay.com
Ал мектептерді қаржыландыру 2008 жылғы 4 желтоқсандағы ҚР Бюджет кодексінің 54-бабына сәйкес облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
"Бюджетті қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылауды дамыту үшін бюджеттік бағдарламалардың жобалары мен бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептер орналастырылған "Ашық бюджеттер" порталы жұмыс істейді", - делінген хабарламада.
Комитет өкілдері мектептер заңнамалық тұрғыдан әкімдіктердің қарауында екенін айтады.
"Мектептерді заманауи кабинеттермен жарақтандыру, арнайы жағдайлар жасау, сондай-ақ оқу орындарын жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс. Бұл мектептердің ғимараттар мен кабинеттерді жөндеуге қаражат жинау талаптары заңсыз екенін білдіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мақсатында "Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы" ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығының 8-тармағының 3-тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарында кез келген мақсатқа ақшалай қаражат пен алымдарды мәжбүрлеп жинауға тыйым салынады. Ата-аналардан, мұғалімдерден, оқушылардан қаражат жинауға қатаң тыйым салынады", - делінген ресми жауапта.
Фото: Pixabay.com
Сонымен қатар, комитет өкілдері 2022-2023 оқу жылында ақша жинауға қатысты деректер туралы сұраққа жауап берді.
"Бұл сұрақты жергілікті жердегі Білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері бақылауда ұстайды. Мектептерде жөндеу жұмыстарына ақша жинауға болмау туралы дер кезінде ақпараттар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүрізіледі. Мемлекеттік мектептерде орта білім беру ақысыз, мектептерді жабдықтау, материалдық техникалық базаларды нығайту, сапалы білім алуға жағдай жасау, сонымен қатар ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражаттың барлығы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Яғни әкімдіктердің құзыретінде. Сондықтан да ата-аналардан жинау дұрыс емес", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мектептерде ақша жинау фактілері кездескен жағдайда тиісті құзырлы органдарға хабарласу қажет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина