Тоқаевтың жарлығы: Медеудегі өрт кезінде қаза тапқан өртсөндіруші наградталды

Тоқаевтың жарлығы: Медеудегі өрт кезінде қаза тапқан өртсөндіруші наградталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Арслан Құрманбеков - азаматтық қорғаныс сержанты.

1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Алматы қаласы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде бастаған. Алматы қаласы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ №1 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған.

"Үйлену тойына дайындалып жүрген". Әріптестері Медеуде мерт болған өртсөндіруші туралы айтты

Еске салайық, қайғылы оқиға 8 мамырда болған еді. Бұған дейін Медеудегі өрт кезінде қаза болған өртсөндірушінің отбасына қандай көмек көрсетілетіні хабарланған болатын.

"Құқық қорғау қызметі туралы" Заңға сәйкес қаза тапқан қызметкер Құрманбеков Арсланның мұрагерлеріне оның алпыс айлық ақшалай қаражаты (5 жылғы) - шамамен 13 миллион теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетін болады. Сонымен қатар, жерлеуге жұмсалған шығыстарға 600 мың теңге көлемінде өтемақы төленетін болады. Жерлеу бойынша барлық шығынды Алматы Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды.

ТЖ министрлігі өкілдері Президент Әкімшілігіне мемлекеттік наградаға қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өртсөндіруші Арслан Құрманбековті марапаттау туралы ұсыныс енгізген еді. Сонымен қатар, Алматы әкімдігінің атына әлеуметтік көмек тәртібінде Арслан Құрманбековтің анасына тұрғын үй бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолданды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина