Ninety Оne әндері арқылы қазақ тілін үйреніп жүрген америкалық Эван Алленнің арманы орындалды

Ninety Оne әндері арқылы қазақ тілін үйреніп жүрген америкалық Эван Алленнің арманы орындалды
Фото: Эван Алленнің жеке архивінен

Ninety Оne әндері арқылы қазақ тілін үйреніп жүрген америкалық Эван Аллен мен АҚШ-тың еліміздегі бас консулы Кэролайн Сэвидж топ мүшелерімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Америкалық Эван Аллен 2019 жылы қазақ тілін үйрене бастаған. Сол жылдары ол YouTube арқылы қазақ әндерін тыңдап, қызығушылығы оянған. Эванның айтуынша, оған Ninety Оne-ның "Мен емес", Бәрі біледі" әндері бірден ұнаған. 

Араға 3 жыл салып, Эван былтыр Fulbright бағдарламасы бойынша Қазақстанға келді. Қазір ол бағдарлама аясында Тараз университетінде ағылшын тілінен сабақ береді. 

Америкалық жігіт топтың былтыр Астанадағы концертіне барды. Концерттен кейін Эванның видеосы Желіде тарап кетті. Бұл видео Қазақстандағы АҚШ елшілігінің парақшасында пайды болды. Онда америкалық жігіт қазақ тілін қалай үйренгені туралы айтып берген еді. Оған тіл үйрену жолында Ninety Оne әндері арқау болған. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от U.S. Embassy to Kazakhstan (@usinkz)

Кездесуде Ninety Оne тобының мүшелері Эванның мұндай әрекетіне тәнті болды. Олар қазақ тілін үйреніп жүрген әрбір шетелдікке қуанатынын айтты. 

"Біздің Whatsapp-та чатымыз бар ғой. Сонда бір адам TikTok видеосын жіберді, кейін тағы бірнеше адам жібере бастады. Біз соны көріп шынымен таңғалдық", - деді Ninety Оne тобының мүшесі Alem. 

Америкалық Эван Аллен мен АҚШ-тың еліміздегі бас консулы Кэролайн Сэвидж топтың жарыққа шықпаған жаңа екі әнін тыңдап өз бағасын берді. 

Топ мүшесі ZAQ-тың айтуынша, қазақ тілін үйренген жанкүйермен мұндай кездесу алғаш рет болып отыр. Бірақ бұған дейін фанмитингтерде Германия, Гонконг, АҚШ, Коста-Рика, Корея, Польшадан келген, қазақ тілін жетік меңгерген жанкүйерлермен бетпе-бет кездесу болған. 

Сондай-ақ, өнер иелері жаңа альбом қашан жарыққа шығатынын айтып, тыңдармандарын қуантты.

"Осы жолы альбом жұмысы ауқымдырақ болды. Себебі көп музыкант қосып, студиядағы аппаратураны жаңартып жатырмыз, сапаны көтеру керек. Келесі альбомды әлемдік стандартқа сай еткіміз келеді. Ешқайда асықпай, өз алаңымызда би болғымыз келеді. 1-2 апта ішінде алғашқы қадамдар басталады", - деді топ мүшесі ZAQ. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек