Ақтаулықтар көшедегі водовоздан су тасуға мәжбүр

Ақтаулықтар көшедегі водовоздан су тасуға мәжбүр
Фото: Facebook/видеодан алынған кадр

Ақтау қаласының тең жартысы екі күннен бері ауызсусыз отыр. Себебі ауызсу құбырында апат шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалада осының салдарынан 16-шағынауданнан 20-шағынауданға дейін, 30-шағынауданнан 35-шағынауданға дейін, Шығыс-1, Шығыс-2, Шығыс-3 шағынаудандарында және 27-шағынауданның бес тұрғын үйінде су жоқ.

"Екі күннен бері сусыз отырмыз. Неге тұғындар зардап шегуі тиіс? Біз неге 5 литрлік баклажкамен су тасуымыз керек? Үйде кішкентай балалар бар. Судың жоқтығы өте қиын болып тұр. Біз бұған дейін де ауызсудан тапшылық көріп келеміз. Түнгі сағат 12-де өшіріп, таңда қайта қосады. Ал екі тәулік бойы су бермеу - бассыздық", - дейді 30-шағынауданның тұрғыны Жанна Қаражігітова.

"Каспий жылу, су арнасы" МКК директорының орынбасары Ислям Үсеновтің айтуынша, 35-шағынауданда диаметрі 710 миллиметр ауызсудың магистраль полиэтилен құбыры жарылған. Сондықтан бірнеше шағынауданға су беру уақытша тоқтатылды. Бұл құбыр автомобиль жолының астынан өтіп жатыр.

"Мекеме қызметкерлері құбырдың зақымдалған бөлігін мүмкіндігінше ертерек қалпына келтіруге тырысты. Түнімен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаладағы балабақша, мектеп, ауруханаларға су таситын көліктермен су жеткізіп отыр. Ал тұрғындарға шағынауданға коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер су тасып жатыр. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталды. Құбырды сумен толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді "Каспий жылу, су арнасы" МКК директорының орынбасары Ислям Үсенов.

Ал автомобиль жолының астынан өтіп жатқан магистраль құбыр ескірген соң жарылмаған. Себебі мекеме өкілінің айтуынша, құбыр осыдан 7 жыл бұрын жаңартылған.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова