- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Зейнетақы жинағын шектеусіз...
Зейнетақы жинағын шектеусіз шығарып алуға болатыны рас па? БЖЗҚ өкілдері жауап берді
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарын ең төменгі жеткіліктілік шегіне қарамастан, пайдалануға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде зейнетақы жинақтарын ең төменгі жеткіліктілік шегіне қарамастан алуға болатыны жайында ақпарат тарап жатыр.
"БЖЗҚ бұл ақпараттың жалған екенін ескертіп, мұндай хабарламаларды елемеуге кеңес береді! Заңнамаға сәйкес, жинақталған зейнетақы жинақтарын үй жағдайын жақсарту мен емделуге мерзімінен бұрын тек зейнеткерлер, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан азаматтар және қазіргі уақытта жұмыс істейтін және зейнетақы шотында ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын қаражаты бар азаматтар ғана пайдалана алады", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қазақстанда жеткіліктіліктің жаңа шегі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. 2023 жылға арналған шек жасына байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейін болды.
Кейбір шекті мәндердің өзгеруі оларды есептеу кезінде жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштердің ескерілуімен түсіндіріледі.
2023 жылға ең төменгі жалақы 70 мың теңгені, ең төменгі зейнетақы 53 076 теңгені, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрайды деп көзделген. Шекті мәндерді есептеу кезінде ескерілетін басқа да әлеуметтік маңызды көрсеткіштердің де мөлшері көтерілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина