- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бірінші көрші бала...
"Бірінші көрші бала көрген". Алматы облысында қаза тапқан отбасының туыстары оқиға қалай болғанын айтты
Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Көлащы ауылында бір отбасының бес адамы қайтыс болды. Марқұмдардың туыстары оқиға қалай болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл отбасындағы қайғылы оқиғаны бірінші болып көршінің баласы көрген. Ойнамақ болып келген ол есікті ашқанда аузынан көбік ағып, құлап жатқан баланы көреді. Осылайша, ол жүгіріп көршілерді көмекке шақырады.
"Көршілер көмекке келіп, екінші қабатқа көтерілгенде бәрі жатқанын көрген. Үйдің ішінде газдың иісі болмаған. Бірақ газ жанып тұрған, төтенше жағдайдың бір жігіті газ пеші 80-де тұрғанын көрген. Жүгіріп келсем, інім қайтыс болып кетіпті, төрт бала мен келінді жедел жәрдеммен әкетіп жатыр екен. Балалар тірі болды, бірақ құсып, әлсіреп тұрды", - дейді марқұмдардың туысы Сарыбай Байғараев (аты-жөні өзгертілген).
Ауруханаға түскен төрт баланың үшеуі - ұл, біреуі - қыз. Ұш ұл таңертең көз жұмып, ал қыз кешке қарай қайтыс болған. Аналары бүгін жансақтау бөлімінен терапия бөліміне ауыстырылды.
"4 мамырда күндізгі сағат 15:30-16:00 шамасында бес науқас ауруханаға түсті. Бесеуінің жағдайы өте ауыр болды. Болжамды диагнозы - газдан улану. Бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Республикалық деңгейде онлайн кеңес алдық, облыстық деңгейдегі дәрігерлер барынша көмек көрсетті. Алайда бір тәулікте төртеуі көз жұмды. Аналарының жағдайы қазір тұрақты, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Есін жиды. Арнайы психологтар жұмыс істеп жатыр. Алайда балалары қайтыс болғаны туралы әлі білмейді. Жағдайына қарап, біз де балалары туралы ешнәрсе айтпадық", - дейді Шамалған ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Жүзбеков.
Марқұм отбасының туыстары қайғылы оқиғадан әлі ес жия алмай жүргендерін айтады. Бұл отбасының көршісі де марқұмдардың жақсы жандар болғанын еске алды.
"Қарақалпақстаннан көшіп келгеніме 8 жыл болды, келгелі бері танимын. Өте бір жақсы отбасы еді, көршімнің қайтыс болғанын жұмыста жүргенде естідім. Ертесі балалары қайтыс болды деді. Газдан уланды деп жатыр, мынау расымен сұмдық болды. Газды жалғап беріп қана қоймай, құбырларды тексеріп тұру керек қой", - дейді Көлащы ауылының тұрғыны Марат Палманов.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында әкесі мен төрт баласы уланып қайтыс болғаны хабарланған еді. Кейінірек аман қалған әйелдің жағдайы белгілі болды. Сондай-ақ, Алматы облысында қаза тапқандар неден уланғаны айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова