- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат елімізде вейп...
Депутат елімізде вейп пен оның басқа да түрлерін сатуға тыйым салуды ұсынды
Respublica партиясының мүшесі, депутат Нұргүл Тау вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, елімізде электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану жағдайы жоғары. Ол барлық сауда орындарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді бағада сатылады. Бағасы орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды.
"Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, никотинді тұтынудың электрондық құралдарының нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 292 есеге артты. Сонымен бірге, бұл өнімді әкелудің заңдылығы күмән туғызады. Барлығы аталған жылдар ішінде СЭҚ ТН 85434000000 "Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппаратурасы" кодымен жүргізілген 10 006 432 АҚШ доллары сомасына 2 954 182 дана электрондық темекі әкелінді. Бұл код акцизделмеген және бұл мемлекеттік бюджетке 3 млн данаға жуық өнімнен акциздік түсімдер түспегенін білдіреді.
Сонымен бірге, электронды темекілер сырт пішінімен, хош иістермен балалар мен жастарды еліктіруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде үш есе өскен, ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір рет болсын қолданып көрген", - дейді депутат.
Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2022 жылы кәмелетке толмағандар 1735 қылмыс жасаған. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде ұрлық 782 факт, алаяқтық - 166, тонау - 154, ұсақ ұрлық - 93, бұзақылық - 81.
"Сондай-ақ, елімізде темекі кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады. Себебі темекі адам өміріне қауіпті ауруларды қоздырады.
(...) Ендеше, ұлт саулығына, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жоятын кез келді, өкінішке орай осы кері үрдіске шара қолдану уақытын біршама кешіктіріп алғандаймыз. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, құрметті Әлихан Асханұлы, осы күрделі мәселеге назарыңызды аудара отырып:
1) депутаттық сауалда қойылған мәселелерді қарауға және елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруға;
2) электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасына тыйым салуға және осыған байланысты жауапкершілікті күшейтуге;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы №22 бұйрығына "Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы" тармақ қосу бөлігінде толықтыру енгізуге ұсыныс беремін", - дейді Нұргүл Тау.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина