"Протез, дәрі, отын". Соғыс ардагерлеріне ақшадан бөлек, қандай көмек көрсетіледі?

"Протез, дәрі, отын". Соғыс ардагерлеріне ақшадан бөлек, қандай көмек көрсетіледі?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері биыл ардагерлерге шамамен қанша теңгеден берілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлы Отан соғысының (ҰОС) ардагерлеріне жергілікті атқарушы органдардан өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек ұсынылады.

"Мысалы, биыл 9 мамыр - Жеңіс күніне орай жергілікті атқарушы органдармен әрбір ҰОС ардагеріне 1,5 миллион теңгеден кем емес біржолғы ақшалай төлемдер берілді", - делінген ведомствоның Massaget.kz тілшісіне берілген ресми жауапта. 

Сонымен қатар, ардагерлерге заттай түрінде көмек көрсетіледі.

"Мысалы, ҰОС ардагерлеріне біржолғы ақшалай төлемдерден басқа санаторлық-курорттық емдеу, тіс протезі, дәрі-дәрмек, отын, азық-түлік топтамасы және тағы басқа көмек түрлері көрсетіледі. Бұл ретте, әр өңірдің жергілікті атқарушы органы бюджет мүмкіндігіне байланысты әлеуметтік көмектің түрлерін, мөлшерлерін және еселігін жеке белгілейтінін атап өткен жөн", - дейді ведомство өкілдері.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина