Бір айда жетеміз: Түркістаннан төрт адам велосипедпен қажылыққа аттанды

Бір айда жетеміз: Түркістаннан төрт адам велосипедпен қажылыққа аттанды
Фото: Автордан

Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Аққорған елді мекенінде тұратын бір топ азамат кіші қажылық парызын өтеу үшін велосипедпен жолға шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарапайым "Урал" велосипедіне мінген олар бүгін Қазығұрт ауданы маңына тұрақтаған. Ал таңертең "Түркістан-Самара" бағыты арқылы сапарын жалғастырады.

"Меккеге жаяу барсаң, әр қадамыңа сауап жазылады дейді. Әйтпесе қазір бүгін ұшаққа мінсең, бүгін жететін мүмкіндік бар ғой. Біз баяғы қажы аталарымыздың жолын жаңғыртып, осылай жаяу-жалпы, велосипедпен шығуды жөн көрдік", - дейді Жаппарәлі Ташметов.

Ауылдан төрт адам болып шыққан топтың қариясы - өзі. Оның жасы 60-ты алқымдаған. Қасында баласы және тағы екі туысы бар.

"Ұлым Исламның жасы 29-да. Ал туыстарым Ұлан 50-де болса, Мұзаффар 47 жаста. Өзім 61-ге аяқ бастым. Жолға қажет карта, компас секілді заттарымызды алдық. Ал асымызды жолдан ішіп жатырмыз. Кей жерлерде сатып алсақ, кей жерлерде халық өздері тамақтандырып жүр" - дейді ол.

Ақсақал бұл саяхатқа біраз уақыттан бері дайындалыпты. Алыс сапар болғандықтан велосипед мініп, ауыл арасында шыныққан. Осы жолы әуелі Ақтау қаласына барып аялдап, Каспий теңізі арқылы Түркияға өтеді екен. Жалпы жолаушылар қазіргі жылдамдықтарымен бір айда Мекке қаласына жетуді жоспарлап отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы