"Өзенмұнайгазда" жұмыс орнына мүлдем келіп көрмеген адамдар қызмет еткені анықталды

"Өзенмұнайгазда" жұмыс орнына мүлдем келіп көрмеген адамдар қызмет еткені анықталды
Фото: ozenmunaigaz.com

Жаңаөзенде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының "Өзенмұнайгаз" және қаладағы өзге мұнай сервис кәсіпорындарының қызметін тексеру жөніндегі арнайы жұмыс тобының жұмысы жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"ҚазМұнайГаз" баспасөз қызметінің хабарлауынша, түнгі тексеріс кезінде персоналдың жұмыс орындарында болмауы, түнгі ауысым кезінде еңбек міндеттерін орындамауы, қолдан жасалып, құрастырылған құралдар мен материалдарды, оның ішінде өрт қаупі бар учаскелерде пайдаланған жағдайлар анықталды. Сондай-ақ табельде жұмыс істеген уақытын асыра көрсеткен фактілер белгілі болды.

Талап етілген уақытта жұмыс орнына мүлдем келмеген адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша екі жағдай тіркелді.

"Қызметкер нақты бір саланың маманы ретінде жұмысқа алынып, бір айдан кейін басқа қызметке ауысқан жағдайлар бар. Мысалы, былтыр жұмыс іздеуші компанияға 3-разрядты электр газбен дәнекерлеуші ретінде қабылданып, бір айдан кейін 5-разрядты экскаватор машинисі қызметіне ауыстырылған. Оның үстіне қызметкердің тағылымдама кезіндегі картасында "өтпеді" деген баға тұр

Сондай-ақ тексеріс қорытындысы бойынша 2019-2021 жылдардағы құбырлар мен құбыр өнімдері бойынша деректерде сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, арнайы бағдарламалық жасақтамада есепке алу мен тіркеуде деректердің сәйкес келмеуі байқалады. Ал бұл өз кезегінде деректерді манипуляциялауға жол ашуы мүмкін. Сорғы-компрессорлық құбырлар мен штангалар жеткізушілерден тоннамен қабылданады, ал оларды өндіріске ауыстырған кезде өлшем бірлігі данаға ауыстырылады, бұл кейін өнімнің нақты пайдаланылғанын тексеруді айтарлықтай қиындатады", - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, ӨМГ-нің мұнай ұңғыма құбырларын пайдалану және қызмет ету мерзімін 7 жылдан 2,5 жылға дейін төмендету негіздемесі қосымша тексеріледі. 2022 жылғы 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 26 миллиард теңге сомаға пайдаланылған мұнай ұңғыма құбырларының жинақталып қалуы сұрақ туғызады. Олардың жиналу және металл сынықтарының уақтылы өткізілмеу себептері анықталып, толық тексеріс аяқталған кезде тиісті қорытындылар жасалады.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура "Өзенмұнайгаз" тендерлерінің заңдылығын тексеретінін хабарлаған еді. Мұның алдында "Өзенмұнайгазда" айтыскер ақын теолог, кейін қоғаммен байланыс жөніндегі маман қызметін атқарғаны анықталды

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан