Қостанай облысында бұрынғы әскери қызметкер неге қой бағып кетті?

Қостанай облысы тұрғыны Алмат Жарасбаев төрт жыл бұрын қаладағы пәтері мен қымбат көлігін сатып, ата кәсіпке бет бұрды. Ол бұрын әскери қызметкер болған. Қазір Қарабалық ауданындағы іргелі шаруашылықтың иесі, қазақтың биязы жүнді қойын өсіріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Бұл шаруашылықта 6 мың төлдейтін қой бар. Соның 4 мыңы қоздаған. Қазақы тұқымды түлік жергілікті табиғатқа төзімді, көп күй талғамайды. Мысалы, туғанына үш күн болған мына қозы төрт айдан соң 20 келі таза ет береді екен.

Алғашқы жылы өз қаржысына 70 саулық сатып алып кәсібін бастаған Алмат биыл қой санын 14 мыңға жеткізді. Былтыр оған қой сатып алуға 200 миллион теңге жеңілдетілген несие берілген. Сонымен қатар, төлдейтін әр саулыққа жылына 4 мың теңге субсидия төленеді.

"Мақсатымыз - аналықты 20 мыңға жеткізу. Сол 20 қойдан 20 мың қозы алып, оның әрқайсын 50 мыңнан сатып, жылына 1 миллиард теңге табыс табу", - дейді кәсіпкер.

Шаруашылықтың 5 жарым мың гектар жайылым жері бар. Қолдағы техникамен жемшөптің басым бөлігін өздері дайындайды. 30 адам тұрақты еңбек етеді. Келешекте шаруашылық қой етін шетелге экспорттауды жоспарлайды.

"Араб елдерінен өкілдері келді. Қойды, оның табиғи жағдайда өсіп жатқанын, табиғи таза шөп жейтінін көрді. Қызығушылық бар. Келіссөздер жүріп жатыр", - дейді Қарабалық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернар Өртембаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!