Павлодар облысында жайылымнан айырылған жұрт Президентке үндеу жолдады

Павлодар облысында жайылымнан айырылған жұрт Президентке үндеу жолдады

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жолқұдық, Ребровка және Қаракөл елді мекендерінің тұрғындары мал бағатын өрістерін қайтаруды сұрайды. Сонымен қатар, Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбиновті, Алғабас ауылдық округінің қазіргі және бұрынғы әкімдерін жауапқа тартуды өтінеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл лауазымды тұлғалар қызмет бабын асыра пайдаланып, тұрғындарын пікірімен санаспай жайылымдық жерді жеке инвесторға беріп жіберген.

2018 жылы Алғабас ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің жерін (2421 гектар) конкурс арқылы "Кронос-Павлодар" ЖШС алған. Жоспар бойынша олар сүт фермасын салуға тиіс болған. Әйтсе де құрылыс жұмыстары былтыр күзде ғана басталыпты. Ал биыл көктемде инвестор алған жеріне мал азығын егеміз деген желеумен жыртқан.

Осылайша, шағын фермерлер 15 шақырымдағы жаздық мал бағатын жерлеріне бара алмай қалған. Өйткені аумақты қоршап, жолды жауып тастаған. Ал ауылдықтардың үйдегі азын-аулақ малын жаятын жер қалмаған.

Тұрғындардың шағымы негізінде тексеру жүргізген жер ресурстарын басқару департаменті үш жер телімінің (1100 гектар) заңсыз берілгенін анықтады. Оны қайтару жөнінде Ақсу қалалық жер қатынастары бөліміне ұсыныс тастаған. Алайда Ақсудың жер қатынастары бөлімі орындаудан бас тартып, жер ресурстарын басқару департаментін сотқа берді. Ал қалалық сот жер ресурстарын басқару департаментін жақтап, шешім шығарған. Содан кейін ақсулықтар облыстық сотқа аппелациялық шағым берген. Десе де облыстық фемида қалалық соттың шешімін күшінде қалдырды. Соған қарамастан, Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімі Жоғары сотқа кассациялық шағым түсірген. Қазір сол жақта қаралып жатыр.

Енді тұрғындар осы мәселеге Президенттің өзі нүкте қойсын деп үндеу жолдап отыр.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz