Назарбаевқа қатысты делініп жүрген екі ГЭС "Самұрық-Қазына" қорына өтті

Назарбаевқа қатысты делініп жүрген екі ГЭС "Самұрық-Қазына" қорына өтті
Фото: sk.kz

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты делініп жүрген екі бірдей гидроэлектростанция "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ қарамағына өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі KASE деректеріне сілтеме жасап.

Деректерге сүйенсек, "Самұрық-Қазына" Шүлбі СЭС пен Өскемен СЭС-те 100 пайыз үлеске ие болған.

"Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ 2023 жылғы 25 сәуірден бастап "АЭС Шүлбі СЭС" ЖШС және "АЭС Өскемен ГЭС" 100 пайыз қатысу үлестеріне ие бола бастады", - делінген деректе.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет қаулы шығарып, Шығыс Қазақстандағы екі су электр станциясы мемлекет меншігінен "Самұрық-Қазына" қоры меншігіне бірнеше шарт бойынша берілетінін мәлімдеген еді.

"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ акцияларының төлемі ретінде "СЭС Өскемен АЭС" ЖШС және "АЭС Шүлбі СЭС" ЖШС-дегі мемлекеттік үлесті тиісті саланың уәкілетті органының ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген салалық оң қорытындысы болған жағдайда беру", - делінген еді қаулыда.

Сол кезде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне, сондай-ақ, Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, қаулыны іске асыру бойынша қажет шараларды қабылдау тапсырылған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова